Қостанай облысында алимент төлемеген ер адам үйінен айырылды

Қостанай облысында қадағалау жұмысы барысында аудан тұрғындарының бірі алимент төлеуден ұзақ уақыт жалтарып жүргені анықталды. Оның кәмелетке толмаған баласының алдындағы қарызы 3,6 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Баланың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында прокуратура атқарушылық іс жүргізу аясында тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде 2026 жылғы 6 мамырда Қарабалық аудандық соты Қарабалық кентінде орналасқан борышкердің тұрғын үйін өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарды.

Тағы бір жағдайда борышкер 2019 жылдан бері бірнеше жыл бойы баласын асырау жөніндегі міндетін орындаудан жалтарған. Қарызы 3,4 млн теңгені құраған.

Прокуратураның бастамасымен борышкердің жылжымайтын мүлкіндегі 1/2 үлесіне өндіріп алу қолданылды. Қазіргі уақытта берешекті өтеу есебінен пәтердегі үлесті өндіріп алушыға беру рәсімі жүргізіліп жатыр.