Көздің тор қабығының ажырауы көру қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін

Қазіргі заманғы кеңселік жүктемелер көз түбінің зақымдану қаупін арттырады.

Бұл туралы Caravan.kz тілшісіне дәрігер-офтальмолог Маржан Әкімбек айтып берді.

— Тор қабықтың ажырауы қандай дерт, ол қауіпті ме?

— Тор қабықтың ажырауы — офтальмологиядағы ең ауыр жағдайлардың бірі. Бұл кезде жарықты қабылдауға жауап беретін жүйке тінінің жұқа қабаты көздің тамырлы қабығынан ажырап кетеді. Мұндай жағдай шұғыл медициналық көмекті қажет етеді, себебі дер кезінде ем көрсетілмесе, көру қабілетінің қайтымсыз жоғалуына алып келеді.

— Тор қабықтың ажырауының себептері қандай?

— Бұл патологияның негізгі себебі көбіне тор қабықтың жыртылуы болып табылады. Осындай микроскопиялық зақымдар арқылы шыны тәрізді денеден бөлінетін сұйықтық тор қабықтың астына өтіп, оны қоректендіретін қабаттан біртіндеп ажыратады. Негізгі қоздырғыш факторлар — көз тіндеріндегі дистрофиялық өзгерістер, олар көбіне тұқым қуалаушылықпен немесе жасқа байланысты үдерістермен байланысты болады. Бас пен көру мүшелерінің жарақаттары, ауыр заттарды кенеттен көтерумен байланысты күшті физикалық жүктемелер, сондай-ақ көздің ішкі құрылымдарының қабыну аурулары бұл қауіпті жағдайдың дамуына түрткі болуы мүмкін. Кей жағдайларда тор қабықтың ажырауы екіншілік сипатта болып, ісік үдерістері немесе қант диабеті сияқты ауыр жүйелік аурулардың аясында пайда болады.

— Тор қабықтың ажырауына кімдер көбірек бейім?

— Қауіп тобына ең алдымен жоғары дәрежелі жақыннан көрмеушілігі (миопиясы) бар адамдар жатады, себебі көз алмасының ұзаруына байланысты тор қабық керіліп, жұқарады. Сондай-ақ катаракта сияқты көзге операция жасатқан егде жастағы науқастар да қауіпке ұшырайды. Алайда қазіргі заман бұл тізімді кеңейтті. Бүгінде көру жүктемесі аса жоғары әрі қимыл-қозғалысы аз өмір салтымен байланысты адамдар да қауіп тобында. Кеңсе қызметкерлері, бағдарламашылар, дизайнерлер және күніне сегіз сағаттан артық компьютер мониторына қарайтын өзге де мамандар көз бұлшықеттерінің созылмалы шамадан тыс күш түсуіне тап болады. Ұзақ уақыт жақыннан жұмыс істеу аккомодация спазмын туындатып, көз түбінің қанмен қамтамасыз етілуін нашарлатады. Ал бұл бар бейімділік жағдайында тор қабықтағы дегенеративті үдерістерді жеделдетуі мүмкін. Көк спектрлі сәулеленудің тұрақты әсері және көзге демалуға арналған табиғи үзілістердің болмауы «компьютерлік еңбек» өкілдерін тор қабық ауруларына осал етеді.

— Көз тор қабығының ажырауының негізгі белгілері қандай?

— Бұл аурудың қауіптілігі — бастапқы кезеңдерінде ауырсынумен қатар жүрмеуі мүмкін. Алғашқы алаңдатарлық белгі көбіне «фотопсиялардың» пайда болуы — көз алдында жарықтың жарқылы, ұшқындар немесе найзағай секілді сәулелердің көрінуі. Олар әсіресе көзді жұмғанда немесе қараңғыда айқын байқалады. Бұл тор қабық керілген кезде фоторецепторлардың механикалық тітіркенуінің нәтижесі. Екінші тән белгі — қалқып жүретін «шыбындардың», жіпшелердің немесе қара нүктелердің кенеттен көбеюі, олар тұман не перде тәрізді көрінеді. Ең қауіпті белгі — көру аймағының шетінен бастап ортасына қарай біртіндеп жайылатын қара «шымылдықтың» немесе көлеңкенің пайда болуы. Бұл белгі еленбесе, көлеңке бүкіл көру өрісін жауып, бейненің анықтығы мен детализациясына жауап беретін тор қабықтың орталық бөлігі — макуланың ажырағанын білдіреді.

— Бұл дерт қалай емделеді және емді қаншалықты шұғыл бастау қажет?

— Тор қабықтың ажырауын тамшылармен немесе дәрі-дәрмекпен емдейтін консервативті әдістер жоқ. Көруді сақтаудың жалғыз жолы — хирургиялық араласу. Ерте кезеңде, тек жыртылу анықталған жағдайда, лазерлік коагуляция қолданылады: хирург жыртылған шеттерді астындағы тіндерге «жабыстырады». Ал күрделі жағдайларда витрэктомия (шыны тәрізді денені алып тастап, оның орнына газ немесе силикон майын енгізу) немесе экстрасклералды пломбалау жасалады. Мұнда шұғылдық мәселесі шешуші мәнге ие. Қоректендіруді қамтамасыз ететін тамырлы қабықтан ажыраған тор қабық тез арада өле бастайды. Операция жасауға ең қолайлы уақыт — алғашқы белгілер пайда болғаннан кейінгі бірнеше тәулік. Тор қабық қаншалықты ұзақ уақыт ажыраған күйде қалса, тіпті операция техникалық тұрғыда сәтті өткеннің өзінде, көру функциясын толық қалпына келтіру мүмкіндігі соғұрлым төмендейді. Бірнеше аптаға созылған кідіріс көп жағдайда толық әрі емделмейтін соқырлыққа әкеледі.