Қожанасыр туралы фильм түсіріледі – шетелдегі қазақ баспасөзі

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Түркі әлеміне ортақ фольклор кейіпкері Қожанасыр туралы фильм түсіріледі – TRT

Бакуде VI Дүниежүзілік мәдениетаралық диалог форумы аясында «Насреддин Қожа (Қожанасыр) – қиын күндердің досы» фильміне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев, фильмнің сценаристі, әрі режиссері Вагиф Мұстафаев және продюсері Заур Дарабзаде жауап берді. 

«TRT»-ның келтірген деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың қазан айында Түркі әлемінің мәдени астанасы Шуша қаласында өткен Түріксой Тұрақты кеңесінің 40-шы отырысында түркі әлемінің ортақ фольклор кейіпкері Қожанасыр туралы фильм түсіру туралы шешім қабылданғанын еске салған Раев фильмді Ұйымға мүше елдердің мәдениет министрліктері мен Түріксой ұйымы түсіретінін айтты. 

Түркі әлемініне ортақ фильмінің Әзербайжанмен қатар Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда түсірілмек. Режиссер Вагиф Мұстафаевтың айтуынша, фильмде түрік мемлекеттерінің режиссерлері бас қосады. Сол арқылы бар күш-жігерлерін үлкен жауапкершілікпен жұмсап, көрерменді қуантуды мақсат етеді. 

Айта кетейік, продюсер Заур Дарабзаде болса фильмнің осы жылдың тамыз айында түсіріле басталатынын айтты. 

Шыңжаң, Алтай: 7 миллион мал көктеуге көшті – «Халық газеті»

Алтай аймағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Қоралы қой Шыңжаңның Алтай қаласындағы Қызылтас қалашығының жайылымында жайылып жүр. Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» хабарлады. 

Аталған басылымның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Алтай ірі мал шаруашылық өңірі саналады. Жыл сайын көктем басталғаннан кейін малдың көп бөлігі қыстаулықтан көктеулікке қарай қоныс аударады. Қазіргі уақытта бүкіл аймақ бойынша 7 миллион бас (тұяқ) мал көктеулікке қауіпсіз көшірілді, мұнда 45 күн аялдағаннан кейін тау қойнауындағы жазғы жайылымға, жайлауға көшіріледі. 

Алматыда парсы тілінен олимпиада өтті – Parstoday 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылым онкүндігінің іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес Филология институты мен Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Қазақстанның жоғары оқу орындарында парсы тілін екінші шет тілі ретінде оқитын студенттер арасында қалыптасқан дәстүрмен жетінші рет тілдік олимпиада өтті.

Бұл туралы Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, олимпиаданың ашылуына Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Рысбекова Жанар Қасымбекқызы, Филология институтының директоры Ашинова Күнипа Ахатовна, Алматыдағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазадэ, институттың көшбасшылары, оқытушылары және студенттері қатысты. 

Олимпиадаға парсы тілін екінші шет тілі ретінде оқып жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері өзара бақ сынап, білімдерін ортаға салған. 

Іс-шараны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының директоры Ашинова Күнипа ашып, парсы тілінің маңыздылығы, университетте парсы тілін оқып жатқан студенттерді үнемі қолдап, көмектесіп жатқан Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы мен мәдени өкілдігінің басшысына алғыс айтып, олимпиадаға қатысатын студенттерге сәттілік тілеген. 

Айта кетеу керек, олимпиаданың жабылуында Алматыдағы Иран Бас консулдығының мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазадэ жеңімпаздарды марапаттап, әрқайсысына ақшалай сыйақы берді. 

3 айда Өзбекстанға 1,5 миллион шетелдік турист келді – «ӨзА»

2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында Өзбекстанға 1,5 миллион шетелдік турист келді. Статистика агенттігінің мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы 3 айында Өзбекстанға туристік мақсатпен 1 ​​миллион 519 мың шетелдік азамат келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 мың адамға немесе 2,1 пайызға артқан, - деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында Өзбекстанға туристік мақсатпен келген шетел азаматтарының саны жарияланған.

Атап айтқанда, Тәжікстан – 536,5 мың адам, Қырғызстан – 442 мың адам, Қазақстан – 262,6 мың адам, Ресей – 134,2 мың адам, Түркіменстан – 31 мың адам, Түркия – 21,5 мың адам, Үндістан – 11,6 мың адам, Қытай – 10 мың адам, Оңтүстік Корея – 7,6 мың адам, Германия – 3,8 мың адам, басқа елдер – 58,5 мың адам саяхаттап келген екен. 

Мұқият Жармұқаметұлы Шыңжаң өлкелік Халық үкіметі төрағасының орынбасары болып тағайындалды – «Жэньминь жибао»

Мұқият Жармұқаметұлы есімді қандасымыз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесі Халық үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды «Жэньминь жибао». 

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, 8 мамыр күні Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесінің XIV Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің X мәжілісі өткен. Дауыс беруден кейін Мұқият Жармұқаметұлын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Халық үкіметінің төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданған. Артынша конституциялық ант қабылдау рәсімі өткен.

Айта кетейік, Мұқият Жармұқаметұлы 1967 жылы қазанда ҚХР Алтай аймағының Жеменей ауданында туған. Орталық партия мектебінің аспиранты, Қытай коммунистік партиясының мүшесі, қазір ШҰАӨ халық үкіметінің орынбасар төрағасы, ШҰАӨ кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қытай мемлекеттік кәсіподақтар федерациясының орынбасар төрағасы(қосымша өтейді). Кезінде орынбасар әкім, аудандық парткомның орынбасар төрағасы, аймақтық әкімшілік мекемесінің бас хатшысы, орынбасар уәли(аймақ әкімі), орынбасар облыс әкімі, Шыңжаң Ұйғұр автономиялы өлкелік Халық құрылтайы тұрақты көмитетінің орынбасары қатарлы міндеттерді өтеген.