Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова тұңғыш президенттің өкілеттігін тоқтату туралы шешімін қалай қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін маңызы зор үлкен шешім қабылдағанын атап өтті.
"Әрине, жүрегімізде бір қимастық бар. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, нарықтық экономикаға негізделген жаңа мемлекет құрды, жаңа мемлекеттік басқару және нақты белгіленген шекарасы бар Қазақстанды құрды", - деді ол журналистерге парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында.
Үкімет басшысының орынбасары бұл жаңалықты кеше сағат жетіде өз кабинетінде теледидардан естігенін айтты.
"Қимастық сезіммен көзіме жас келді, шын айтамын", - деді Әбдіқалықова.
Оның пікірінше, Елбасының бұл шешімі Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне өткенін білдіреді.
Еске сала кетсек, кеше Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика халқына арнаған үндеуінде президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеген еді. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін сенат төрағасына беріледі. Осылайша, Қазақстан президенті міндетін уақытша атқару сенаттың қазіргі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының басшысы болып қала береді.