ҚР СІМ Ресейден келетін ақпараттық шабуылдарға қатысты ұстанымын түсіндірді

Соңғы уақытта Ресейдің медиакеңістігінде Қазақстанға қатысты даулы әрі резонанс тудыратын мәлімдемелер жиілей түсті. Ондай талқылауларға ресейлік медиа тұлғалар қатысып, олардың сөздері қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Көпшілікті «бұл пікірлер Мәскеудің ресми ұстанымын білдіре ме, әлде ішкі аудиторияға арналған ба?» деген сұрақ мазалайды.

Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, Астананың мұндай ақпараттық шабуылдарды қалай бағалайтынын, оларды қауіп ретінде қарастыра ма және халықаралық аренада ел мүддесін қорғау үшін қандай құралдарды қолданатынын сұрады.

ҚР СІМ шетелдік ақпараттық кеңістікті тұрақты түрде бақылап отыратынын және жалған немесе манипуляциялық материалдар пайда болған жағдайда оларды тіркейтінін мәлімдеді. Елде Орталық коммуникациялар қызметі жанынан Дезинформацияға қарсы күрес орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық ақпараттық әрекеттерін анықтап, бұрмалауларды саралап, олардың елдің егемендігіне, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылыққа төндіретін ықтимал қауіп деңгейін бағалайды. Мұндай жүйе бірнеше деңгейде жұмыс істеп, сыртқы саяси шешімдер қабылдаудың негізін қалыптастырады.

«Сонымен қатар қазақстандық ресми өкілдер, оның ішінде Парламент депутаттары мен ҚР СІМ өкілдері Ресей тарапының ресми тұлғалары, сарапшылары және әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан айтылған, екі ел арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастарға күмән келтіретін негізсіз мәлімдемелерге қатысты алаңдаушылықтарын бірнеше рет жеткізді», – делінген ведомство жауабында.

Министрлік мұндай мәлімдемелер мен блогосферадағы жарияланымдар Ресей СІМ брифингтері мен екіжақты келіссөздер барысында дереу талқыланатынын атап өтті. Ресей билігінің өкілдері кейбір азаматтардың айтқан пікірлері олардың жеке көзқарасы екенін және Ресейдің ресми ұстанымын білдірмейтінін мәлімдейді.

«Сонымен бірге Астана мен Мәскеу арасында қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық ретінде айқындайтын келісімдер кешені бар екенін негізге аламыз. Қазақстан да, Ресей де егемендікке, аумақтық тұтастыққа және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделген ұзақ мерзімді, сенімді әрі тұрақты мемлекетаралық қатынастарды сақтауға мүдделі екеніне сенімдіміз. Жекелеген тұлғалардың мұндай пікірлері екі ел арасындағы достық байланыстарға еш әсер етпейді», – деп мәлімдеді министрлік.

СІМ сондай-ақ құқықтық шектеулерге тоқталды. Persona non grata мәртебесі тек дипломаттар мен елшілік қызметкерлеріне қатысты қолданылады және 1961 жылғы Вена конвенциясының 9-бабымен реттеледі. Ал дипломатиялық мәртебесі жоқ шетел азаматтарына қатысты өзге тәртіп қарастырылған. Қазақстан заңнамасы ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе халықтың денсаулығы мүддесінде шетелдіктердің елге кіруін шектеуге мүмкіндік береді. Мұндай шешімдерді құзыретті органдар өз өкілеттіктері шеңберінде қабылдайды.