Ақтауда "Қала жолдары" коммуналдық мекеме жұмысшылары көше тазалаудан бас тартып, наразылық көрсетіп жатыр.
Қаланың тазалығына жауап беретін 400 жұмысшы жалақының уақытында берілмейтініне наразы. Ереуілге шыққандардың арасында көше сыпырушылар мен коммуналдық техника жүргізушілері бар. Сәуір айының жалақысын алмаған олар жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды lada.kz өңірлік порталы.
Кәсіпорын жұмысшылары соңғы жарты жылда жалақыны даулап жүріп, әрең алатындарын айтады.
"Жалақымызды айқай-шумен аламыз. Күнде ертеңмен тойдырып бітті. Тіпті кәсіпорнымыздың директоры жалақымызды беру үшін кредит алады", - дейді мекеме қызметкері Айнаш Еділбаева.
Кәсіпорынның қаржылық жағдайының мүшкілдігі соншалық, көшені қоқыстан тазалауға қажет қолғап пен сыпырғышты жұмысшылар талай рет өз ақшасына сатып алған.
"Біз уәдеге тойдық. 10 күнге, кейде 15-20 күнге дейін жалақыны кешіктіріп аламыз. Барлығымыздың басымызда кредит бар. Кейбіреуіміз пәтер жалдап тұрамыз. Бала-шағамызды асырау керек", - дейді Наурызбай Кетебаев.
Ал кәсіпорын директоры Қайрат Хайрушев мәселені жоққа шығармайды. Айтуынша, бұрынғы басшылық кезінде мекеме миллиондаған қарызға батқан.
"Компанияның жұмысын енді оңалта бастадым. Сатып алу жүйесін қарап шықтым. Бірқатар техника мен құрал жап-жаңа күйінде пайдаланылмай тұр. Жалдайтын кейбір ғимараттың бағасы тым жоғары. Қызметкерлердің штатын да қайта қарадық. Осы жұмыстардың нәтижесінде кәсіпорынның қарызын 421 миллион теңгеден 170 миллион теңгеге дейін қысқарттық", - деді ол.
Айтуынша, жалақы мәселесі Ақтау қаласы әкімдігінен қаражаттың бөлінбеуінен туындап отыр.
Ал әкімдіктегілер мәселенің бар екенін мойындады, бірақ оның нақты қашан шешілетінін айта алған жоқ.
"Иә, "Қала жолдары" коммуналдық кәсіпорнының алдында қарызымыз бар. 2,5 айдағы қарыздың мөлшері 150 миллион теңгеге жетті. Бірақ біз оны бюджетке тиісті салық түсімдері түскенде ғана қайтара аламыз. Бүгінде салықтан түскен ақшаның көлемі 8 миллион теңге ғана. Мәселені жоққа шығарып тұрған жоқпыз, адамдарға қарызбыз. Оларға жағдайымызды түсіндірдік. Бірақ жұмысшылар бізді түсінгісі келмейді. Ақша түскен бойда бірден жалақыны толығымен өтейміз", - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров.
Loading...