Кентау қаласында астыртын діни "Кришна санасы" бірлестігінің қызметіне тойтарыс берілді, деп хабарлады қаржы полициясы облыстық департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомство мәліметтеріне қарағанда, жергілікті тұрғын заңсыз түрде аталмыш діни бірлестік құрып, 2012-2013 жылдары өзінің тұрғын үйінде 16-17 жастағы үш баланы қатыстырып діни жоралар жасап отырған.
"Соның нәтижесінде кәмілеттік жасқа толмаған балалардың денсаулығына зиян келтірілген, психикаларына кері ықпал жасалған", делінген онда.
Діни бірлестік құрушыға қатысты республика Қылмыстық кодексінің 337 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айыпталушы ешқайда кетпейтіндігі туралы қолхат берген.