"Кəсіпкер жігіттер сауап үшін тырысады": Қайырымдылық қор жетекшісі игі іске себепкер болғысы келетін азаматтардың көп екенін айтты

Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет.Сүрінгенді сүйеп, қиналғанғанға демеу болып, жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай келген қазақ қоғамында «қайырымды іс», «сауабы мол игі амал» ұғымдары қашан да қасиетті. Оған қайырымдылық жасау мен волонтер болудың маңыздылығы мемлекеттік биік мінберлерден жиі айтылып жүргені дәлел. Қандай заман болмасын қадірін жоғалтпаған бұл істер қазақ қоғамымен бірге өсіп, өркендеп келеді. Қазіргі қазақ жастары да қысылтаяң шақтарда бірігіп, таза ниет пен ауызбіршілікті ту етіп ата-бабадан келе жатқан дәстүрмен көптің қамын қара басынан жоғары қоя алатынын дәлелдеп келеді.

Солардың бірі - ақпарат пен техниканың, жылдамдық пен бәсекенің заманында мыңдаған жанның жүрегін қайырымды іспен жылытып жүрген  «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қайырымдылық қоры. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында құрылған  қордың ізгі істері бүгінде облыс жұртшылығына мәлім.

Осы орайда Caravan.kz медиа порталының тілшісі «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қайырымдылық қорының жұмыс істеу бағыттары мен жобалары туралы төрағасы Еркінбек Айнақожаевтан сұрап білген еді.

 “Жаңарған Жаңақорған Жастары» (әрі қарай ЖЖЖ. еск. ред) қайырымдылық қоры бүгінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының деңгейінде біршама игі істің бастауы болып жүргенін білеміз. Алдымен, қоғамдық қордың өткеніне көз жүгіртіп,  ұйымның құрылу тарихын еске алсаңыз.

-  ЖЖЖ-ның шығу тарихына келетін болсақ, кент орталығында үш мешіт болатын. Соның ішінде  "ҚҰМ сахаба" деген мешіттің түлектерінен 2016 жылдан бастау алған қайырымдылық жəне спорттық шаралар қоғамдық қордың құрылуына себеп болды. Осындай игі істер жалғасын тауып үш мешіт жамағаттарын басын қосты. Алматы облысындағы Нұр-Мүбəрак Ислам университетінің түлегі əрі қазіргі таңда сол университеттің  оқытушысы, Жаңақорған ауданының тумасы Данияр Мейірбеков осы қайырымы бар игі істердің жүйеленіп, жақсы жүруіне мұрындық болды.  2019 жылдың ақпан айында Даниярдың себепкер болуымен «Жаңарған Жаңақорған Жастары» деп  жәй ғана бейресми ұйым болып құрылған болатынбыз. Ол кісінің өзі ол кезде Шымкентте "Ізгілік" деген қайырымдылық қор ашып соны басқарып отырған.  Арамызда адвокат əрі заңгер Тұрабаев Дəулетбек "Жаңарған Жаңақорған Жастарын" қоғамдық қор етіп ресми тіркейік деп қолқа салған болатын. Сөйтіп, 2019 жылдың қыркүйек айында қоғамдық қор болып, ресми құжатпен əділет басқармасына тіркелдік.


Білуімізше, бүгінде қор білім, спорт, мәдени рухани іс-шаралар секілді бірнеше бағытты қатар алып жүр.  Бір-біріне ұқсамайтын бірнеше саланың қызметін қор аясына біріктіру қандай нәтиже беріп жатыр?

Ия, өте орынды айтасыз. Біздің қор білім, қайырымдылық, руханият, спорт және өнер секілді 4 бағыттан тұрады. Қордың төрт бағытына бекітілген жауапты жетекшілері де бар.

Білім бағыты бойынша аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, мектеп жəне колледж оқушыларымен жұмыс жасап тұрады. Осы бағытқа жауапты жігіттер алдағы уақыттарда үлкен жобалар дайындауда.

2019 жылы айтыскер ақын Түркістан облысының тумасы Ақмарал Леубаеваның " Анаға хат" авторлық жобасын аудандағы 42 мектептің оқушыларына өткізген болатынбыз. Ол кісінің өзіде қатысып қазылық етті. 2020 жылы сол жобаға ұқсастырып "Əкеге хат" жобасын жасап сол кісінің қатысуымен "Білім бағыты" аясында өткіздік. Екі жобаның жүлдегерлеріне ноутбук, ұялы телефон, планшет т.б бағалы сыйлықтар тігілген болатын. Былтыр Қызылорда облысындағы "Кітап құрттары" клубының жетекшісі Талғат Меңдібаевпен бірлесе отырып мектеп оқушылары арасында "Интеллектуалды сайысы" жəне білікті бизнес-тренер Ғани Байғалиұлының жаңақорғандық кәсіпкерлермен ЖЖЖ мүшелеріне "Кайдзен" жүйесінен семинар өткізілді. 

Ал, руханият бағыты бойынша жыл сайын облыстық жəне аудандық деңгейде Құран жəне Азан жарысын ұйымдастырамыз. Бас жүлде Умра қажылығы, І-ІІ-ІІІ орынға қаржылай тігіледі. Пайғамбар МҰХАММЕДТІҢ (с.а.у) туған айы Мəуліт мерекесі аудандық мəдениет үйінде аталып өтіледі. Мұхаммед атты жандарға арнайы тегін сыйлықтар беріледі.  Əз-Наурыз мерекесімен Құрбан айт мерекелері орталық алаңда өткізіледі. Тегін маршрут, тегін такси, тегін аттракциондар, тегін балмұздақтар ұйымдастырылып аудан тұрғындарына арнайы мерекелік дастархан жайылады. 

 

Қоғамдық қордың заман талабына сай түрлі жобаларды қатар алып жүргені көңіл қуантады. Енді қайырымдылық бағытының ішінде ең сәтті шыққан жобаға тоқталсаңыз. 

- Қайырымдылық бағытының бір үлкен жобасы - "Қамқор" əлеуметтік дүкені. Казіргі таңда 500-ге жуық мұқтаждығы бар отбасы сол жерден киім-кешектерін тегін алады. "Балық берме, қармақ бер" жобасы бойынша жалғызбасты аналарға мастер-класстар өткізіліп, кондитерлік өнім шығаратын пештерін, тігін машиналарын, тұшпара жасап кəсібімді дөңгелетемін деген аналарға мұздатқыш алып бердік. Сонымен қатар,  2018-2023 жыл арасында мұқтаждығы бар жəне отағасынан айырылған отбасыларға 11 баспана бердік. Биыл тағы бір баспана мен аудан орталығынан бір қайырымдылық дүкен салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, қаншама отбасыға азық-түлікке жəне денсаулықтарына байланысты үлкен қалаларға немесе шет елдерге барып ем алуына қаражат жағынанда көмек беріліп отыр. Бұл ретте қаражат жағына демеушілік жасап жатқан Жаңақорған ауданындағы үлкен сауда нысандарымен кəсіпкер ағаларымызға алғысымызды білдіреміз.

Қазір қоғамда қайырымды іспен айналысатын блогерлер де, арнайы қайырымдылық қорлар да көп.  Осы бір тенденцияның әсерінен көпшілікті игі іс жасауға, садақа беруге, жетім-жесірге көмектесуге үндеу, сенім ұялату жауапкершілігі мол әрі қиын іске айналды. Осы ретте сіздер аудан жұртшылығына қайырымды іс жасауға қалай ықпал етіп жатырсыздар?

- Дұрыс айтасыз, қазір өкінішке орай көмекке мұқтаж жандар көбейіп кетті. Бірақ, көмекке мұқтаж отбасылар мен ауыр дертіне шипа іздеп қиналған жандарға бей-жәй қарай алмайтын мейірімді жандар мен қайырымдылық қорлардың көптігі көңілге сенім ұялатады. Біздің де негізгі мақсатымыз - ауданымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға қолымыздан келгенше көмек беру. Аллаға шүкір, қазір қор қызметі облыс жұртшылығына танымал. "Бір үй аш болса, бір ауыл аш. Бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш" деген сөз бекер айтылмаған. Қордың қайырымдылық бағытында қызмет етіп жатқан азаматтар да ауданымыздағы баспанаға, ем алуға, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге мұқтаж адамдардың мәселесін шешуге мүдделі. Бүгінгі таңда қорда 200-ге жуық ерікті тіркелген. Оның ішінде қарапайым азаматтар да, кәсіпкерлер де, қызметтегі жігіттер де бар. Ата-бабамыз "жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған" ғой. Ұлттық құндылығымызға айналып кеткен осындай қайырымды істерге кəсіпкер жігіттер сауап үшін ұмтылуға тырысады.

Қандай да бір қайырымды іс жасамас бұрын өзара қалай келісесіздер? Алгоритмі бар ма?

- ЖЖЖ-ның кеңесу алаңында 10 шақты жігіт бар. Кез келген қайырымдылыққа немесе игі істерге байланысты идеялар мен пікірлерді ортаға салып талқылаймыз. Одан кейін ол мəселелерді қордың 30 шақты жігіттен құралған кеңесу мүшелеріне салып, 180-дей ЖЖЖ-ның еріктілері отыратын чатқа салып, қайырымды іске көшеміз.

Қор жұмысына жергілікті билік тарапынан, яғни аудан әкімдігінен қандай да бір көмек, қолдау көрсетіле ме?

Жергілікті билік тарапынан Наурыз жəне Құрбан айт мерекелерінде орталық алаңға шара ұйымдастыратын кездерде көмек көрсетіледі. Одан  бөлек, баспана жəне балалар ойын алаңқайын салатын жерлерді əкімдік тарапынан аламыз. Бүгінгі күнге дейін жоғарыда айтқан 11 баспанадан бөлек,  3 балалар ойын алаңқайында жасап бердік.

Бір сөзіңізде спорт бағытында да жұмыс істейтіндердіңізді айтып қалдыңыз. Осы бағытқа да қысқаша тоқталсаңыз.

- Спорт жəне өнер бағыты бойынша волейбол, теннис жəне футбол ойындары апта сайын жүріп тұрады. Негізгі мақсат - қоғамдағы жастардың теріс ағымдар мен жаман жүріске түсіп кетпеуі. Сондықтан спорттық шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Аудандық орталық алаңда мерекелер кезінде бірнеше спорттық ойындармен ұлттық спорт түрлері (қол күрес, садақ ату, қаппен ұру, арқан жəне бұқа тартыс, асық, лəңгі т.б) ойнатылады. Бұны мүмкіндігі шектеулі жандардың жаттықтырушысы Азнабаев Шыңғыс деген азамат жүргізеді. Айта кету керек, спорт бағытының жетекшісі Қайрат Оралбеков деген ағамыз болды. 2020 жылы ол кісі өмірден өтіп кетті. Артынан із қалдырған нағыз азамат еді. Бейжің олимпиадасының еркін күрестен қатысушысы Жасұлан Мұқтарбекұлы жəне ҚР қола жүлдегері Қанат Мұсабеков деген шəкірттері бар.

Сөз соңында,  «Жаңарған Жаңақорған Жастары»  қайырымдылық қорының алдағы жоспарымен бөліссеңіз.

Алдағы уақытта  ЖЖЖ-ның 5 жылдығын аудандық деңгейде атап өтуді, көршілес Шиелі ауданындағы "Шиелі біз біргеміз", Шымкенттегі "Ізгілік", " Мейірім бағы" т.б қайырымдылық қорларды шақырып тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз. 

Әңгімеңізге рақмет!