КТК арнасы шекараны жан-жақты зерттеу жұмыстарын жалғастыруда

Бұл адамдар бейнекамера үшін түрлене алмайды. Бірақ өз ісін жетік меңгерген. Олардың жұмысы өте ауыр. Себебі бұл зауытта бетон құрастырмалар шығарылады. Соның ішінде шекара бағаналары бар. Осы өндіріс цехы енді уақытша түсіру алаңына айналып, режиссер мен операторлар каска киген. Жұмысшылар кадрде.

Алмас Жүкеев, жұмысшы:

-Түрлі тапсырыстар түседі. Ол адамның қалағанына байланысты болады. Бір күн ішінде өнімнің 48 данасын шығаруға қауқарымыз жетеді. Ал әр бұйым үшін арнайы қалып бар.

Қажетті кадрлерді түсіру үшін оңтайлы ракурс таңдалып, камералар қойылады. Бірақ жұмысшылар мен әскерилер ондаған дубль мен ұзақ дайындық не үшін қажет екенін түсіне алмайды. Дегенмен режиссердің әр тапсырмасын бұлжытпай орындауда.



Қанша рет айтылғанымен, камера алаңдатпай қоймайды. Қыр соңыңнан қалмайтын бір топ адамға үйренісу де оңай емес. Ал көгілдір экран алдында отырғандар бір сәтте кадр сыртында қанша адамның қалатынын біле бермейді. Бірнеше көріністі түсіруге кейде бір тәулік жұмсалады. Ал жоспар бойынша әлі мыңдаған шақырым, ондаған адам мен эпизод және құпия құжаттар бар. Түсіру тобы дипломаттардың кабинетінен бастап шекара бекеттеріне дейін құрлықпен жүру, сумен жүзу және әуеде ұшу арқылы еліміздің өте нәзік қызыл жолағын толық көрсетуге тырысады.