74 жасқа келгенқарияның мына балдағынан басқа сүйеніші қалмаған. Туған балалары талдың түбіне тастап кетіпті. Тым болмаса, тамаққа деп те соқыр тиын қалдырмаған. Енді Самсон атай қоқыстан тапқан бөтелкеден су ұрттап отыр.
Самсон Баранников:
-Балаларымның қолында небәрі екі апта ғана тұрдым. Телеарна түсіріп болған соң «кет» деді. Өзім тұрып кете алмағандықтан, міне осы маңайға әкеп тастады.
Самсон ақсақалды бұрын аурухана ауласында аунап жатқан жерінен тапқан болатынбыз. Онда өздігімен жүре алмайтын мүгедекті дәрігерлер емдеген соң сыртқа шығарып жіберген. Қақпа сыртында қария 2 күн қатарынан түнепті. Артынша, туыстары табылып, «жоғалып кетті» деген желеу желеу айтып, шаңырағына қайтарған еді.
Наталья Баранникова, туысы:
-Ол мына кереуетте ұйықтайды. Қызым екеуміз мына жерде жатамыз. Әкем еденде ұйықтайды.
Самсон Баранников:
-Олар қолымды да сындырды. Қаншама рет көшеге де шығарып тастады. Бірақ, олар менің бір туған адамдарым ғой. Қайтып бір келер...
Ақсақал мына таяқтың көмегімен арыққа дейін сүйретіліп барып су ішеді. Жол бойына шығып қайыр тілейін десе, қол арбасы да жоқ. Өзі сүйенген талға ұқсап, бір орнынан қозғала алмай отыр.