КТК мұнай құбыры жүйесінің қуатын жылына 67 млн. тоннаға дейін арттыру жөнінде уағдаластық жасалды



Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, КТК-ның аясын кеңейту жобасы бойынша Ресей үкіметі ұсынған 7 шарттың ішінде мұнай құбыры жүйесінің қуатын арттыру мәселесі бұған дейін жартылай келісілген соңғы мәселе болатын.
Биылғы маусым айында Парижде өткен мұнай және газ жөніндегі саммитте КТК-ның бас директоры Иен Макдональд: "КТК аясын кеңейту - жалпы жүйенің жұмысы үшін айрықша қажетті дегенді барлық акционерлер қолдап отыр",- деп мәлімдеді. "Құбырды тұтынушылардың мұнай көлеміне қатысты болжамдары көрсеткеніндей, келесі жылдың аяғынан бастап қосымша қуат талап етілмек. Ал 2009-жылдың ортасына таман жүйенің 67 млн. тоннаны құрайтын жобалық қуатын толық пайдалануға мүмкіндік беретіндей сұраныс туындағалы отыр",- деді И.Макдональд.
"Жүйенің қуатын арттыру мерзімін кешеуілдету қазірдің өзінде КТК-ны қыруар шығынға ұшыратты",- деді ол. Келесі жылдың аяғына дейін Қазақстанда өндіріледі деп межеленген ауқымды мұнай көлемі 2008-жылдың басында осындай көлемді қабылдауға КТК мүмкіндік алғанға дейін басқа баламалы экспорттық бағыттармен тасымалданбақ. КТК бас директорының айтуынша, "кешеуілдеген әрбір айда КТК 2007-жылы 25 млн. доллар көлеміндегі айлық кірістен, ал 2008-жылы 50 млн., 2009-жылы 80 млн. доллар кірістен қағылады".
Құбр жүйесінің қуатын арттыру жобасына қатысты өзге шарттар бұған дейін келісілген. Атап айтсақ, акционерлер мұнай құбырын қаржыландыру мәселесі бойынша келісімге келді. Соған сәйкес, мұнай өндіруші компаниялар алатын қарыздың проценттік өсымақысы азайтылып, әрбір тоннаның тарифі 2,5 долларға дейін өсіріледі. Нәтижесінде КТК-ның тарифі әрбір тонна үшін 30,83 долларды құрамақ.
Құбыр жүйесінің өткізгіштік қабілеті артқаннан кейін тасымалданатын көлем "айда немесе төле" деген принципке бағынылады. КТК мемлекеттік активтерді пайдалануға дайындық барысында жұмсалған шығындарды өтеп беруді талап етуді доғарады және барлық берешектер тепе-теңдік принципіне сәйкес өтеледі. Сонымен бірге акционерлер құбыр жүйесінің қуатын арттыру жобасы сыртқы көздерден қаржыландырылады дегенге келісті.
Сонымен бірге КТК-ның басшылығының тең жартысы үкіметтердің өкілдерінен , ал қалған жартысы мұнай өндіруші компаниялардың өкілдерінен құралатын болды. Бұл үлгіні директорлар кеңесі түріндегі қосымша басшылық деңгей құрудың орнына бір балама ретінде Ресей жағы ұсынды.
КТК-ның негізін қалаушы үкіметтердің үлес салмағы мынадай : Россия - 24%, Қазақстан - 19%, Оман Сұлтандығы - 7%.
Консорциумға қатысушы жеке меншік мұнай компанияларының үлесіне келсек : Шеврон Каспиан Пайплайн Консорциум Компани - 15%, ЛУКАРКО Б.В. -12,5%, Роснефть-Шелл Каспиан Венчерз Лтд. - 7,5%, Мобил Каспиан Пайплайн Компани - 7,5%, Аджип Интернешнл Н.В. - 2%, БГ Оверсиз Холдинг Лтд. - 2%, Қазақcтан Пайплайн Венчерз ЛЛС - 1,75% и Орикс Каспиан Пайплайн ЛЛС - 1,75%.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті