Бұл фильм басқа әскери туындылардан өзгеше. Мұнда жауға әуеден тойтарыс берген сарбаздардың батырлығы баяндалады. Басты кейіпкер – Талғат Бигелдиновтың өзі.
Кино батырдың көзі тірісінде түсірілген. Шығармашылық топ оны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ардагерге тарту ретінде жасамақ болыпты.
Туындыда батырдың туылған сәтінен бастап, соғыстағы ерлігіне дейін суреттеледі. Сосын жеке өмірінде болған ғашықтық хикаялары да бар. Әсіресе, эскадрильяны басқарып, жау қолына түсе жаздаған сәті тұла бойыңды шымырлатып жібереді.
Батырдың өміріне негізделген фильмнің режиссері – Ермек Тұрсынов. Белгілі киногер әрбір кадрді өзі отырып монтаждаған.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
-Фильмде бәрін көрсетуге тырыстық. Сұрапыл соғысты да, ондағы аштық пен жұрттың бастан өткерген жоқшылығын да. Қарны аш болса да, қару ұстап, елін қорғаған жауынгерлердің мәрттігін де осы туындыда жеткізе алдық деп ойлаймын.
Даңқты ұшқыш 305 рет шабуыл жасап, сол әуе қақтығыстарының бәрін жеңіп шыққан. Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған жалғыз қазақ Жеңістің 70 жылдығына небәрі 7 ай жетпей дүниеден озды. Бірақ аты мәңгі сақталған әуе саңлағы жайлы «Падает вверх» сериалы бүгіннен бастап КТК арнасында сағат кешкі 21-30-да көрсетіледі.
Loading...