ҚТЖ активтерінің құнын жылдар бойы миллиардтаған теңгеге көбейтіп көрсеткен – сарапшы

Талдауға сәйкес, ҚТЖ бұл тәжірибені 15 жыл бойы сақтап келген.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы «За нами уже выехали» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2009-2023 жылдар аралығында Deloitte аудиторы ҚТЖ бас компаниясының жеке қаржылық есептілігіне жыл сайын ескертумен қорытынды берген. Ескертудің мәні жыл сайын бірдей болған: компания активтерді өзінің еншілес ұйымдарының жарғылық капиталына енгізіп, оларға қайта бағалау жүргізген. Яғни активтердің құнын өсірген. Бұл ретте мұндай тәсіл өзіндік құн бойынша есепке алу әдісіне қайшы келген.

Қарапайым тілмен айтқанда, ҚТЖ активті еншілес компаниясына беріп қана қоймай, оның қағаздағы құнын да бір мезетте арттырған.

Қайта бағалау көлемі жыл сайын өсе түскен. 2009 жылы осындай тәсілмен 6,8 млрд теңгенің активі енгізіліп, оның 0,9 млрд теңгесі қайта бағаланған. 2012 жылға қарай активтер көлемі 38,4 млрд теңгеге, ал қайта бағалау сомасы 16,8 млрд теңгеге жеткен. 2016 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 48,5 млрд және 17 млрд теңгені құрады. Ал 2019 жылдан бастап аудитор ескертуі баланстық құны 177,6 млрд теңге болатын инвестицияларға қатысты болған.

Осы жылдардың барлығында ҚТЖ қаржылық есептілігін бекіруді жалғастырып, ал аудитор қорытындысында бұл мәселеге назар аударып отырған. Алайда жағдай тек 2024 жылы өзгерген.

Сол жылы ұлттық тасымалдаушы 2004-2023 жылдар аралығында еншілес ұйымдардың капиталына енгізілген активтерді қайта бағалаудың заңсыз болғанын мойындады. Нәтижесінде есептегі көрсеткіштер өткен кезеңдерге қатысты қайта түзетілді: бөлінбеген пайда 32,3 млрд теңгеге, ал инвестициялардың құны 31,1 млрд теңгеге азайтылды.

Осылайша, ұлттық компания 15 жыл бойы аудиторлардың ескертулеріне қарамастан, өз капиталы мен қаржылық нәтижелерін асыра көрсетіп келген.

Caravan.kz-ке берген түсініктемесінде қаржыгер Расул Рысмамбетов аудитордың бір мәселені жыл сайын қайталап көрсетуіне қарамастан, ҚТЖ тарапынан тиісті реакция болмағанына таңданысын білдірді.

Сондай-ақ сарапшы осындай ескертулерге қарамастан, ҚТЖ-ның Deloitte компаниясын аудитор ретінде жұмысқа тарта бергеніне назар аударды. Оның айтуынша, әлемдегі бірқатар үздік тәжірибелерде аудиторлық компаниялар белгілі бір уақыт аралығында ауыстырылып отырады.

Айта кетейік, ҚТЗ-ның еншілес компанияларының бірі – «Dosjan temir joly» АҚ 2025 жылдың қорытындысы бойынша акционерлеріне жалақы, сыйақы және басқа да төлемдер түрінде 149,4 млн теңге төлеген. 2024 жылы бұл сома 102,5 млн теңге болған, яғни бір жылда 46%-ға өскен. Ал 2023 жылы көрсеткіш 85,8 млн теңгені құраған, демек 2025 жылмен салыстырғанда 74%-ға аз.

Компанияның хабарлауынша, осы кезеңде оның таза пайдасы небәрі 25%-ға өскен.