Куәгерлер жантүршігерлік апаттың қалай болғанын айтты

Қайғылы оқиға таңертен, жұрттың алғышқы легі жұмыстарына шыға бастағанда болған. №56-шы автобустың Жұмабаев пен Палладин көшесіндегі мына қиылысқа жеткен тұсында. Куәгерлердің айтуынша, автобус бағдаршамның қызыл түсіне өте бергенде, жанармай таситын көлік бүйірден соққан. Қатты соққыдан автобус төңкеріліп, жанындағы жеңіл көлікті де басып қалыпты. Қоғамдық көлік тізгініндегі 49 жастағы азамат сол жерде жан тапсырған.

Апат салдарынанавтобус ішіндегі 14 адам да жараланды. Көбінің миы шайқалған. Екі науқастын жағдайы ауыр.

Ильдар Құрмаев, Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Екі науқастың алған жарақаты көп. Бас сүйектерінен бастап, қол-аяқтарына дейін сынған. 2-3 апта дәрігерлік бақылаумен емделуі тиіс.

Наталья Намаконова №56-шы автобуста болған жолаушының бірі. Айтуынша, апатқа қос көлік те себепкер болыпты.

Наталья Намаконова, зардап шегуші:

-Екеуі де ережені бұзды. Өйткені біз мінген автобус қызылға өтті, ал жанармай таситын көлік жасыл жанбай бұрылды.

Қазір полиция апатқа нақты қай көліктің себепші болғанын анықтап жатыр. Автопарк директоры да қызметтік тексеру жүргізуге ниетті. Өйткені басшы қателік жанармай таситын көлік тарапынан кетуі мүмкін деген пікірде.


Александр Выприцкий, «Транс-АВ 2008» ЖШС директоры:

- Жол ережесінің бұзылғаны рас. Бірақ автобус тарапынан емес. Бұл жерде бензовоз тура жүрген көлікке соғылып отыр. Дұрыс бұрылмай. Енді, қызметкерімнің артында екі баласы жетім қалды. Қасында кондуктор қызметін келіншегі атқаратын еді. Отбасыға 250 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайымдап отырмын. 

Бір айта кетерлігі, 593 мемлекеттік нөмірлі дәл осы автобустың ереже бұзуы бұрыннан бар әдеті көрінеді. Мәселен, ғаламторға түскен мына видеода оның тағы бір бағдаршамнан қызылға өткен жері түсіп қалған. Десе де автопарк басшылығы ол кезде ешқандай шара қолданбаса керек. Жалпы жол ережесіне жүрдім-бардым қарау бүгінде Алматының автобустарында тән дертке айналған. Өткен аптада да жылдамдықты асырған №303 автобус бағанға соғылып, 14 адамды жарақаттаған еді.