Кубада ресми сапармен болған еліміз СІМ-нің орынбасары Қосылмау қозғалысының ХІҮ саммитіне қатысты

Кубаға сапары барысында Р.Әлиев Қосылмау қозғалысының ХІҮ саммитіне қатысты. Бұл ұйымға БҰҰ-ына мүше елдердің 61 проценті немесе 118 мемлекет мүше. Қазақстан бұл ұйымға Қытай, Бразилия, Мексика және бірқатар ТМД елдері секілді бақылаушы мәртебесімен біріккен.

Сапар барысында еліміз делегациясының жетекшісі Р.Әлиев Кубаның бірқатар министрліктерімен екі жақты кездесулер өткізді. Куба СІМ-нің орынбасары Э.Родригеспен кездесуде екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Осы елдің СІМ қабырғасында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан-Куба СІМ арасындағы консультациялар туралы хаттамаға қол қойылды.

Қазақстан мен Куба арасындағы сауда-экономикалық байланыстар аясын кеңейту мәселесі Р.Әлиев пен Кубаның инвестициялар және экономикалық ынтымақтастық істері жөніндегі министрлігінің басшылығымен кездесуде басты әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ, Куба коммунистік партиясының хатшысы Фернандес Рамиреспен кездесу болды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті