Күйеуі соққыға жыққан Маңғыстау тұрғыны жарты жылдан бері комада жатыр

Өткен жылдың жаз айында күйеуі аяусыз соққы астына алған әйел жарты жылдан бері ессіз күйде жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат.

Ақтау қалалық соты “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бабы бойынша қылмыстық істі қарады. Сотталушы өткен жылдың жаз айынд әйелін ұрып-соғып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Әйелі жедел түрде аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейіннен Астана қалалық жансақтау бөліміне ауыстырылған. Ол қазірге дейін ес-түссіз комада жатыр.

“Мәліметке сәйкес, М. жұбайы сатушы болып жұмыс жасайтын Баутино ауылындағы (Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы) дүкенге келеді. Араларында ұрыс болып, ол әйеліне бірнеше рет қол көтереді. Денесіндегі ауыр жарақат салдарынан, есінен танып, еденге құлайды. Сотталушы өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін жасыру мақсатында дүкенда орнатылған камераның бейне түсірілімді сақтау блогын жасырып тастаған. Кейін жедел жәрдем шақырады. Барлық оқиға түсірілген бейнебақылау камераның блогы табылмады, алайды күйеуінің айыпты екені дәлелденді. Айта кетейік, тұтқындалушы апелляциялық шағым түсірді, іс қылмыстық сотта қаралып, үкім өзгеріссіз қалды. Сотталушы 5 жылға бас бостандығын айырылды, үкім заңды күшіне енді», – деп атап өтті Маңғыстау облыстық баспасөз қызметінің өкілі Гаухар Нұрханова.

Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ерлі-зайыптылардың екі баласы қазір жәбірленушінің әкесімен бірге тұрып жатыр.