"Күйеуім досымен сүйісіп тұр": Жолдасым "гей" болып шықты

Руслан екеуміздің танысқанымызға (дәлірегі бізді таныстырған) бес жылдың көлемі болды. Екеуміздің аналарымыз бір мекемеде қызмет атқарады. Бізді таныстырған да солар. Мен анамның жұмысына барғанда Роза апайдың (Русланның мамасы) маған көзі түсіпті. Содан менің мамама «ұлымды қызыңмен таныстырайық» деп қолқа салған екен. Анам да қарсы болмаған. Өйткені менің жасым 30-ға келсе де әлі тұрмыс құрмағам. Руланның жасы 33-те. Ол да үйленбеген.

Қысқасы аналарымыздың тілегі қабыл болып, біз таныстық. Көңіліміз жарасып, көп ұзамай үйлендік. Бірлесіп, шағын етіп той жасдық. Яғни тек туған туыстар ортасында. Үлкен тойға менің анамның да, Русланның анасының да шамасы келмейді. Өйткені екеуі де жалғызбасты ана.

Жалпы, отбасылық өміріміз жаман емес. Руслан мінезі тұйықтау, онымұнымен шаруасы жоқ. Енем де менің көңіліме қарап тұрады. Қазір бір қызымыз бар. Екінші балаға аяғым ауыр.

Осыдан біршама уақыт бұрын күйеуімнің бір қылығын көріп «шок» болдым. Ол кезде өз көзіме өзім сенбей, «бәлкім мен дұрыс көрмеген шығармын» деп өзімді жұбатқан едім.

Таяуда күйеуімнің оғаш қылығын тағы көріп, кімге, не деп айтарымды білмей дал болып жүрмін. Күйеуім көгілдір болып шықты. Иә, нағыз көгілдір.

Біздің үйге анда-санда келіп тұратын, қыздай сызылған, өзінен 5-6 жас кіші жалғыз досы бар. Міне, сол досын шығарып салуға далаға шыққан. Терезеге қарап қалсам екеуі жағаласып тұрған секілді көрінді. Төбелесіп қалған ба деп, кухняның шамын сөндіріп, терезеге жақындап қарасам,... Өз көзіме өзім сене алар емеспін, күйеуім жолдасымен сүйісіп тұр. Мелшиіп, бір орында қатып қалдым. Аяғым жансызданып, жүре алар емеспін. Екі метр жерде тұрған орындыққа әрең жеттім.

Мұның қалай деп Русланға айта алмадым. Енеме де айтқам жоқ. Не деп айтам... Ол кісі менің сөзіме сенбесі анық. Өзімді кінәлайды. Мамама да не деп айтарымды білмеймін.


Русланның жүріп-тұрысына осы уақытқа дейін еш мән бермеген екем. Осы бес жыл ішінде жаңағы бір қыздай сызылған досынан басқа досын көрмеппін. Кейде достарыммен түнгі клубқа барам деп, таң ата келетін. Түнгі клубқа мен де барайын десем, неше түрлі сылтау айтып, мені қасына еш ертпейтін. Көшеде әдемі қыз көргенде «әдемі қыз екен» дегенін естімеппін. Есесіне, «әдемі жігіт екен» деп талай тамсанғаны есімде. Бірақ ол кезде оған еш мән бермеген екем.

Қазір ой елегінен өткізіп отырсам, көп қылығы басқалардан өзгеше секілді көрінеді. Әлде маған солай көріне ме...

Енді не істеймін. Көргенімді, түйгенімді Русланға айтқаным дұрыс па? Әлде енеме айтуым керек пе?

Жоқ әлде мән-жайды мамама айтып, түсіндіріп ажырасқаным дұрыс па? 

Басым қатып кетті.

Қандай ақыл-кеңес айтасыздыр?!