”Заң бұзып отырсыз”: Роза коуч белгілі уағызшымен соттаспақшы

Коуч өзінің суретін заңсыз қолданған Данияр Кенжеұлын сотқа бермекші, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Уағызыңыз жамағатыңызға пайда әкелсін. Мен заңмен жазалаймын деп өзіңіз заң бұзып отырсыз. Екерте салайын: Фотоны және есімді заңсыз пайдалану бойынша жауапкершілік:

ҚР АК 145 бабы - бейнені келісімсіз пайдалану (өшіру немесе моральдық өтемақы белгіленеді);

ҚР АК 143 бабы - жеке басымның ар-намысы мен беделге нұсқан келтіру (сот белгіленген өтемақы төлейсіз).

ҚР ӘҚБТК 73-3 бабы - жала жабу. 20 күнге қамаласыз немесе айыппұл.
Деректер нотариалды тіркелді, материал жойылмаса, іс сотқа беріледі”, - деді коуч.

Данияр Кенжеұлы Роза Әшірбаеваны жауапсыз қалдырмай, суретті ашық дереккөзден алғанын алға тартты.

”Роза ханым, бұл сіздің азаматтық құқығыңыз. Суретіңізді бөтен жерден іздеп тапқан жоқпын, өзіңіздің ашық парақшаңыздан алдым. Ал оны сіздің абыройыңыз бен қадір-қасиетіңізді түсіру мақсатында қолдандым ба, әлде көпшілікке жария айтқан пікірлеріңізді сынаған материалға иллюстрация ретінде пайдаландым ба оған қажет болса сот құқықтық бағасын берер.

Бірақ көпшілік алдына шығып, қоғамға қатысы өткір пікір айтып, мұндағы адамның отбасылық өміріне баға беріп жүрген адам өзі туралы айтылған өткір сынға да дайын болғаны жөн шығар”, - деді уағызшы.

Соңында, Роза Әшірбаева сотта кездесетіндерін айтты.

”Ашық парақшадан алсаңыз да заң бойынша менің рұқсатсыз суретімді, атымды қолдануға құқығыңыз жоқ. Инстаграмның өзіне де шағым түсірдім. Сотта кездескенше”, - деді коуч.

Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, адамның әлеуметтік желідегі ашық парақшасында жарияланған фотосын оның келісімінсіз пайдалануға болмайды. Бұл талап ҚР Азаматтық кодексінің 145-бабында көзделген. Сонымен қатар сурет те авторлық құқықпен қорғалуы мүмкін.