Қаржы сарапшылары не дейді? Сaravan.kz медиа порталы сарапшылардың пікірін жинақтап, тарқатады.
Айбар Олжаев айырбастау орындарына жүгірмеуге кеңес берді. Теңгені құлап бара жатқан рубль өзімен бірге төмен тартуда. Себебі, Форекстегі рубльдің кросс-курсы Газпромбанкка санкция салынғалы бері күрт құлады. Қазір Форекстегі бағамы 109,9. Рубль/теңге паритетін 5 деп санағанда ол 549,5 кросс-курсына, ал 4,7 деп санағанда ол 516,53 кросс-курсына тіреп тұр. Демек, Форекс қазір теңге рубль паритетін 4,7 деңгейінде қабылдағанын анықтай аламыз.
Газпромбанк газ контракттары бойынша Еуропа және басқа да елдерден валюта әкеліп тұрған Ресейдегі жалғыз ресми канал болатын. Оның бұғатталуы нарықта ажиотаж туғызды және инвесторлардың рубльдан тезірек құтыла бастауына алып кетті. Қазір биржаларда барлығы жаппай рубль сатуда және Ресейде басқа валюталарды айтпағанда тіпті юань тапшылығы қатты сезіледі.
Дәл осындай жағдайда АҚШ керісінше долларды күшейтуге барын салды. DXY индексі 106,2-ге жетіп отыр. Бұл доллар барлық әлемдік валюталардың мұрнын қанатып жатыр деген сөз. Трамп антиглобалист және ол доллар инфляциясын болдырмауға уәде берген. Бұл инвесторлардың әлсіз валюталардан кетіп, доллардың айналасына қайта топтаса бастауына жол ашады. Шындығын айтсақ, теңгеге ауырлау заман келе жатыр. Оны осы қараша айындағы КАSЕ-дегі сауда-саттық көлемінен байқауға болады. Бір күндік орташа сауда көлемі рекордтық 240 миллион долларға жетейін деп қалды. Демек инвесторлар теңгеден долларға жаппай ауысуда.
Бізге не істеу керек? Ең болмайтын іс – дәл қазір айырбастау бекетіне жүгіру. Қазір доллардың спекулятивті, эмоционалды толқында өсіп тұрған кезі. Ертең спекуляция көбігі басылғанда сіз ұтылып қаласыз.
"2022 жылы Ресей соғыс ашқанда долларды 512 теңгеге сатып алған адамдарды жеке танимын. Олар екі жыл күтіп, сол курсқа енді ғана келіп отыр. Ұлттық Банктің конвертациялы және интервенциялық жұмысының әсері келесі аптада анық байқалатын болады. Қатты доллар алғыңыз келіп бара жатса, құрығанда келесі аптаны күтіңіздер деп айтар едім", - дейді Айбар Олжаев.
Екінші сарапшы Расул Рысмамбетов теңге бағамындағы жағдай шын мәнінде сұрақтар туғызатынын айтып, себептерін қарастырып көрді.
Теңге шынымен Ресеймен сауда арқылы рубльге тәуелді болғанымен, мұндай тікелей байланыс әрдайым айқын бола бермейді. Қазіргі жағдайда бағамның күрт өзгеруі ел ішіндегі доллар сұранысының өсуіне немесе нарық қатысушыларының алыпсатарлық әрекеттеріне байланысты болуы мүмкін.
Ұлттық банк және оның ықтимал әрекеттері: Егер Қазақстан Ұлттық банкі нарыққа валютаны сату үшін шықса, бұл бюджетті толықтыру қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Бұл сценарий мүмкін, өйткені ресурстық экономикасы бар көптеген елдер қазіргі жағдайларда қаржы жүйесін тұрақтандыру үшін резервтерін пайдалануы мүмкін.
Сыртқы факторлардың, мысалы, делегация сапарының әсері: Егер ресейлік делегация теңгемен есеп айырысу үшін валютаның ірі көлемін айырбастаған болса (мысалы, инвестициялық келісімдер немесе басқа экономикалық мәмілелер аясында), бұл доллар сұранысының уақытша өсуіне және сәйкесінше теңгенің құнсыздануына себеп болуы мүмкін.
Нарықтағы алыпсатарлық және алматылық айырбастау пункттері: Алматылық айырбастау пункттерінің бағамы нарықтағы алыпсатарлыққа немесе валюта нарығындағы күтпеген оқиғаларға жылдам әрекет етуімен түсіндірілуі мүмкін.
"Толық түсінік үшін кешкі уақытта биржадағы көлемдерді көріп, жағдайды талдау қажет", - деді сарапшы Расул Рысмамбетов.
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл көп нәрсеге әкеледі деп болжап отыр сарапшылар.
Біріншіден, несие қымбаттайды. Бұл кәсіпорындар мен азаматтарға берілетін қарыздар бойынша мөлшерлеменің өсуіне әкеледі.
Екіншіден, инфляцияға қарсы әсер. Мөлшерлеме өсуі инфляцияның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Себебі халықтың шығындары азайып, ақша массасы қысқарады.
Үшіншіден, теңгенің тұрақтылығы. Бұл қадам теңгені долларға шаққанда тұрақтандыруға мүмкіндік береді және валюта нарығындағы қысымды азайтады.