Күн райын бақылаушылардың болжамына сәйкес тамызда Алматыда аптап ыстық болмайды



"Алматы қаласында тамыз айында айрықша ыстық болмайды",- деді "Қазгидромет" РМК-ның бас синоптигі Светлана Аманқұлова. "Ауаның айлық орташа температурасы Цельсий өлшемі бойынша 23 градус болмақ. Бұл - нормаға сай",- деді ол.

Болжамға сәйкес, тамыздың алғашқы онкүндігінде сынап бағанасы түнде 15-20-дан 10-15, ал күндіз 30-35 градустан 23-28 градусқа дейін көтеріледі. Екінші онкүндікте ауаның температурасы түнде 15-20-дан 20-25 аралығында, күндіз 25-30-дан 30-35 градус болмақ. Ал үшінші онкүндікте сынап бағанасы түнде 15-20 пен 10-15 градус аралығында, ал күндіз 28-33 градусты көрсетеді. Осы онкүндіктің аяғында сынап бағанасы 22-27 градусқа дейін төмендейді.

"Қазгидромет" ақпаратына сәйкес, тамызда нормаға сай ылғал түседі. "Алғашқы онкүндіктің алғашқы жартысында, екінші онкүндіктің аяғында, үшінші онкүндіктің басы мен аяғында батыстан соққан жел 7-12 метрге дейін күшейіп, күн күркіреп, ұзаққа созылмайтын нөсерлер жауып, шаңды боран соғады",- деді С.Аманқұлова.