Күш атасы Қажымұхан мен қазақ әнінің ұлық анасы Күләштің мүсіндерін қашаған - Тілеуберді Бинашев

Сонда К.Байсейітова атындағы республикалық музыкалық мектеп-интернаттың жасыл желекке малынған саябақ ауласында қазақтың «Чудо» атанған Күләш әншісіне әсем ескерткіш қойылған болатын. Алаштың әнін Әміреден кейін әлемге танытқан ғаламат дарын иесінің ғажайып болмыс-бейнесін сомдауға жүрегі дауалаған мүсінші кім десеңіз, өзіміз көптен білетін, кеудеқағары жоқ биязы азамат Тілеуберді Бинашев екен. Ұлы әншінің ғана емес, ән деген сұлу әлемнің де ажарын ашып тұрғандай сол ескерткіш көпшіліктің көңілінен шығып, Алматының көркіне үйлесе, «кетігін тауып қалана» кеткен-ді. Сол жолы аңызға айналған ән «чудосының» керемет келісті мүсінделгеніне, ән-Күләштің құдіреті мақпал мұңымен қоса айшықты бейнесін тапқандығына қазақтың тағы бір бұлбұл әншісі Бибігүлден бастап көптеген білікті адамдар ризашылықтарын білдірген-ді. Күләштің осынау мәрмәр мүсіні аузын ашса ән шырқайтындай, көмейінен кәусар әуен құйыла жөнелетіндей әсерге бөлейтіндігі оны жасаған мүсіншінің де дарын-шеберлігін айғақтап тұрғандай, деп жазады журналист Қорғанбек Аманжол «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген ауқымды мақаласында.

Жоғарыда қазақ әнінің ұлық анасы Күләштің бейнесін сомдауға жүрегі қалай дауалаған деген сауалдың шетін қылтиттық. Нақ осы бедерлі-белесті туындысына дейін аттай 33 жыл бойы мүсіншілікпен айналысып, оқуын да оқыған, тоқуын да тоқыған, қазақтың небір аймаңдай айтулы тұлғаларын биік тұғырларға қондырып, тәуелсіз елдің күнделікті тәу етер тарихына енгізген Тілеубердінің хақысы бар екен. Ең ұлы қазақтарды мүсіндеп сомдауға. Жүрегі дауалағанда қандай! Өрімдей жиырма жасында күш атасы Қажымұқанның сом темірді саз балшықтай илеген алапатын мүсін тілімен қашап шығып, Темірланның төріне орнатуға өресі мен өжеттігі бірдей жеткен Тілеуберді емес пе. Шынына келсек, біздегі бірде-бір мүсіншінің басында кездеспеген феномен жағдай. Балуан атаның ескерткішін жасарда қиялына қанат бітірген Қажымұқанның Айдархан деген ұлы. Түрі аумаған Қажымұқан, бойы 2 метр. Алыптан туған алыпты кезінде балуан қыламыз деп Омбының спорт мектебіне де берген көрінеді. Бірақ ол өзі дәрігерлікті қалапты. Осы Айдарханды Темірланның «Ленин туы» бөлімшесіндегі қарашаңырақ үйінде жалаңаш ұйықтап жатқанында көрген Тілеуберді кенет селк ете қалып, Қажымұқанды көргендей болады. Сол арада көктен іздегені жерден табылғандай күй кешіп, дереу қағаз-қарындаш алып, көптен көңілде жүрген, көз алдында алаңсыз жатқан қымбат бейненің суретін нобайлап салып ала қояды. Сөйтіп, балуан ата жайлы барлық естіген-білгенін, оқып-түйгенін, фотосуреттерінен зерделегенін санасына сіңіріп, ой елегінен өткізіп, сол қымбат әсерлерді ескерткішке нұрдай балқытып құйды.

Бұл 1977 жыл болатын. Қазіргі Ордабасы, сол кездегі Бөген ауда­нының бірінші хатшысы Рәшид Нұғманов бас болып аудан орталығы Темірланда қазақтың атақты балуаны Қажымұқанның тұңғыш мұ­ражайын ашты. Мұражайдың алдына күш атасының аруағын таныт­қан, Тілеуберді сомдаған жаңағы ескерткіш қойылды. Қажымұқан болсын, кім болсын, жалпы, қазаққа ескерткіш қою үрдісте жоқ кеңес уақыты ғой. Жиырма жасар албырт Тілеуберді Рәшид ағасымен қол­даса, сол сіреу мұзды бұзғандай еді. Ескерткішті елдің бәрі ұнатты. Айдархан тас тұғырдағы әкесін құшақтап, екі иығы селкілдеп, еңкіл­деп жылап жіберді. Ескерткіштің ашылу салтанатына келген Қажы­мұқанның кіші ұлы Жанәбіл де алғысын айтып, қуана құптап жатыр. Күш атасына ескерткіш орнатылғаны туралы Мәскеуден бүкілодақтық «Время» бағдарламасы хабарлады, «Известия» газеті жазып, күш атасының ескерткіші мен Тілеубердінің суретін қоса берді. Бұның бәрі, әрине, жиырмадағы жас жігіт үшін зор бақыт, болашақ бастауындағы айқара ашылған ақ жол еді. Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Қонаев сол уақыттарда үнемі Түркістанға өтіп бара жат­қанда жаңадан орнаған Қажекең ескерткішін көріп жүреді екен. Ол кісі балуанның көзін көрген. «Қажымұқанның образы жақсы берілген екен» деп ілтипатын білдіреді. Ал тағы біраз жылдар өткенде сәлем бере келген Тілеубердіге: «Жұмысыңды өзіңнен бұрын біледі екен­мін», дей отырып батасын беріпті.
Осылайша, Алматы көркемсурет училищесіне келіп түскенде Тілеуберді атағы алысқа кеткен, дуалы ауыздардың ілтипатына ілінген әйгілі Қажымұқан ескерткішінің дыңдай авторы болатын. Сөйтіп, Алматыда «Қажымұқанды жасаған қойшы бала» атанды. Айтса айт­қандай, балалық шағы Байырқұм ауылында, Сырдария, Арыс өзен­дерінің алабында өтті. Қойшының баласы қой соңында көбірек жүрер еді. Әкесінің атымен аталар Мелдеш құдығы деген жер. Ойы-қыры, әр шұқыры түгел жадында жатталған. Сол құдықтан да су емес, сыр тарт­қандай, түбіндегі айна суға үңіліп ұзақ тұрар еді-ау. Кейіннен қазақы пәлсафаға құрылған «Құдық» деген ойлы композициясы өмірге келген.

Қой баға жүріп, жер сызып, тас қашап ермек етеді. Қой қосылып кеткенде әкесінен талай таяқ та жеуші еді. Туған жердің әр тасынан сыр аңдауды сонда да қоймады. Жалаңаяқ шөп басып, жусан иіскегеннен айрықша рахат табатын. Айтақырға түрлі суреттер салып, дария жағасында сазбалшықтан қиялдағы мүсіндерді нобайлап, ұзақ күнді өткізетін. Осының бәрі болашақта жүрер жолына, мүсін өнеріне келуіне түрткі болғандай.

Байырқұм жері аңыздармен аяланған киелі мекен, тұнған тарих. Ертегідегі Мұңлық-Зарлықтың бейіті де осында. Сырдарияның осы тұсында Ханшайымның аралы бар. Бала кезден санасын жаулап, қиялын баураған мұңды аңыз, зарлы баян. Өспірімнің өнердегі арман-аңсарын оятқан. Сол арманы ақырында туып-өскен жері Арыста биіктігі 12 метр еңселі «Мұңлық-Зарлық» монументі болып орнады. Көп жайларына кеңесші болып көрнекті жазушы Дулат Исабеков ағасы көмектесті. Осы еңбегі үшін туған ауданының құрметті азаматы атанды. Ал жас кездегі Қажымұқаны үшін әркез Ордабасы ауданы құрмет тұтады.

Тілеуберді шығармашылығынан қазақ рухы менмұндалап тұрады, ұлттық болмыстың ұлы сарыны естілгендей болады. Осы тұрғыдан келгенде ол исі қазақ үшін біраз тірліктерді жасап тастаған салиқалы да сарабдал мүсінші десек, қателеспес едік. Айталық, Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың заманға сай заңғар ескерткіші Жаңақорғанда бой көтерді. Кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуымен Абылай ханның ескерткіш-макетін тұңғыш жасаған да Тілеуберді болатын. Қазір ескерткіш Орталық мұражайда, қазақ тарихынан сыр шертер қастерлі жәдігерлер қатарында. Бір нұсқасы Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің алдында тұр. Қазақтың үш биі, күй атасы Құрманғазы, Көкшетаудан қоныс тапқан атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов, музыка ғұламасы Ахмет Жұ­банов, Қарасай батыр, Исатай-Махамбет, Кейкі батыр, Шоқан мен Ыбырай, Б.Момышұлы, Д.Қонаев, М.Тынышбаев, тағы басқа ардақты­ларымыздың ескерткіш, мүсіндерін жасап, ел кәдесіне жаратқан Тілеубердінің, шын мәнінде де, ақын Ибрагим Исаев айтса айтқандай, «әр оюы қазақ боп күрсінетіні де, әр қиюы қазақ боп қиялдайтыны да» рас.

2. Үйдегі мұражай

Тілеуберді жастайынан көне жәдігерлерді, өнер-мәдениетке қатысты заттарды, ескілікті тұрмыс бұйымдарын жинай жүретін-ді. Әрі-бе­ріден соң бұл хоббиін, сонау «қойшы бала» кезінен бастаған. Арыс пен Сырдарияның бойында әлі күнге дейін сыры ашылмаған, зерттелмеген ежелгі қалалар орындары баршылық. Байырқұм деген төбенің жан-жағы дуал-қорғандармен қоршалған, арықтармен әдіптел­ген. Соның бәрі есте жоқ ескі замандардан елес береді. Зерек бала осылардан өзінше сыр түйіп, зердесіне құйып ала қоюшы еді. Солар­дың орнынан шұқылап жүріп көп жәдігерлер жинаған. Бұған кейінірек көне Отырар орнынан жинаған коллекциясы қосылды. Х ғасырдағы құмыралар, шүмек, түбек, тобық. Қазақ аңшылығының құралдары, темір қақпан. Мысыр елінен келген перғауындар бейнелері. Лениннің Сталинмен бірге отырған суреті дейсіз бе, өткен ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы қызық телефон аппараттары дейсіз бе. Қазір қолданыстан қалған тұрмыс-салт бұйымдары: түрлі ыдыс-аяқ, қазан, табақ, қасық, ожаудың нешеме түрі, ара, балта, балға, таразылар, басқа да құрал-саймандар. Кісіні қызықтырып, қиялды тербейтін небір көне дүниеліктер. Сыры кетсе де, сыны кетпеген, құнын жоймаған. «Керек тастың ауырлығы жоғы» да рас-ау.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай еңбегі жанып, есімі танылып, біздің мүсіншіміздің де өз қолы өз аузына жете бастаған шақта көкейіне бір ғажап ой келе қалды. «Осы жұрт бірдеңеге қолы жетсе, мейрамхана, сауна ашады, ал мен болсам шеберханама жалғастыра мансардылы үй салып, мұражай ашайын» деп түйді. Тілеубердінің осы бір ізгілікті ойы іске асқанына да он жыл толыпты. Үйдегі мұражайдың аты - «Өнер ордасы». Сөрелеріне 300-ге жуық бағалы жәдігер-экспонаттар қойылған. Біз жоғарыда жіпке тізген жәдігерлерге қоса мұнда не жоқ дейсіз. Халқымыздың ерен тұлғалары Дінмұхамед Қонаев пен Өзбекәлі Жәнібековтің, әлемге танымал Шыңғыс Айтматовтың көзі тіріде ырза көңіл, мырза пейілмен сыйлаған қолтаңбалы кітаптары. Қадыр Мырза-Әлінің күйтабақта оқылған өлеңдері. Мұхтар Шахановтың көптеген кітаптары. Әрине, ағаның автографымен. Асанәлі Әшімовтің «Қыз Жібек» фильміне түскен кезде қолданған садағы, темекі тартқан мүштіктері мен күлсалғыштары, қатысқан фильмдерінің дискілері. Асекеңнің ұлы - аяулы Сағидың Шоқан рөлінде ойнаған кезде ұстаған асатаяғы. Қазақстанның атақты суретшілері Тоқболат Тоғысбаев, Әбдірәшит Сыдыханов, Нағымбек Нұрмұхамбетов, Ерболат Төлепберген, Бек­сейіт Түлкиевтің қолтаңба жазып, қолдарын қойып, шын ықыласпен сыйға тартқан шығармалары да мүсіншінің үйіндегі меншікті мұра­жайдың шырайын келтіріп тұр. Гүлфайруз Исмайылова сынды хас шебердің қолынан шыққан Күләш Байсейітованың портретін советтік дәуірде қызығып салоннан сатып алған-ды. Кейін өзі ән бұлбұлының бейнесін сомдағанда ол шығарманың да шапағат-ықпалын сезінген болатын. Енді бір әредікте осы Гүлфайруз апайдың жұбайы, қазақ мәдениетіне үлкен еңбек сіңірген суретші Е.Сидоркиннің «Қыз қуу» атты қызғылықты картинасын көреміз. Сөйтеміз де бұл Тілеудің өзі Алматының Сидоркин көшесінде тұрып жатқанын еске алып, миық­тан күле бір нышандап қоямыз.

Қазақстанның халық суретшісі, қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев ақсақал: «Менің қандай мүсінші екенімді шәкіртім Тілеубердінің өнерінен бағамдай беріңдер», дейді екен. Әмбе Ті­леубердінің өзіне: «Сенің мықтылығың жусан иісін иіскеп, малдың қиын күреп ауылда өскендігіңде, халықтың әдет-ғұрыптарын жақсы білетініңде. Біле білсек, өнер адамы үшін ауылдың өзі бір академия ғой», деп тәмсілдеп отыратын көрінеді. Ұлы ұстаз Тілеуберді бойын­дағы нағыз талантқа тән адамгершіл парасатты да жазбай таныпты. Содан да болар, қайтыс болар алдында қайран қайта тумас Хакеңнің алғыскер де адал шәкіртке аманаттап кеткен барлық құрал-саймандары - балта мен балға, ара, қысқаш, қашауы, көне алаша төсеніші, «Маяк-202» радиоқабылдағышына дейін, Кеңшілік ақын айтпақшы, «кемпірауызы мен қысқашы әр үйде кеткеннің» кебін кимей, өнер ордасында қастерлі жәдігерлерге айналған. Әзиз адамды ақтық сапарға жөнелтуді ұйымдастырушылардың бел ортасында болып, басына құлыптас белгіні де өз қолымен жасап орнатқан-ды. Жөн білетін жігіттің ұстазын ұлықтаған бір өнегесі осындай. Қазақ­тың асылдары мен арыстарын ардақ тұтқан Тілеубердінің өзіне де Қажымұқандай алып атаның музейінде жеке бұрыш арналғанын дәл осы арада айта кетпек лазым.

Үйдегі мұражайдың көз тоқтатарлық көптеген көркем жәдігерлері - Тілеубердінің өзінің төл туындылары. Олардың әрқайсысы өзінше сыр шертеді, әрқилы өмір пәлсафасын аңдатады, ұлттық рух ұлағатын па­йымдатады дер едік. Әсіресе, мүсіндік композицияларында көрермен қауымды ізгі мұратты ойларға жетелейді. Тілеубердінің сұңғаттық тілі сұлу. Шешімдері тосын да ойлы әрі батыл болып келеді. Халықтың қарапайым даналығынан нәр алғандығы «Асығың алшысынан түссін», «Қақпан», «Отырардың қирауы», «Дала қызы», «Келін», «Қаратау», «Етікші», «Насыбай», «Түс», «Атамекен», «Айтыс», «Жетісу қыздары», т.б. шығармашылық композицияларынан анық көрінеді. Мысалы, «Құдық» деген туындысы «Судай таза, терең бол!» дейтін тәлімді қасиетке меңзесе, «Жеті ата», «Жеті қазына» аталатын күрделі монументалдық сипаттағы композициялары ұлттық құндылықтарымызды астарлы нышанмен асқақтата, ажарын аша бейнелеген. Бір өкініштісі, олар әзірге үйдегі мұражайда үнсіз томсарған. Арыста туған арманшыл қазақтың жеті атасын даналық орайында «әл-Фараби, тарихын таразылауда - Қазақ ордасының ханы, музыка саласында - Қорқыт баба, ел қорғауда - Қазақтың қас батыры, имандылықта - Қожа Ахмет Яссауи, әділ билікте - Қазақтың турашыл биі, ата кәсіпте ат үстінде қыран бүркіт ұстаған құсбегі-саятшы бейнесінде пайымдалған осынау туындысы 7 метр биіктікте Астанада қойылса деп талаптанып, үміт етуден жалығар емес.

Мұражай ішінен біртуар сазгер Шәмшінің де сұлу мүсінін байқап қалғанбыз. Тілеуберді кезінде
Шәмші ағасымен сыйлас, дастарқандас болған. Сазгер аға мүсінші інісін «Сен Қажымұқанның авторысың, алыпты жасағансың» деп жақсы көреді екен. Ағаға деген сағыныштан тамаша композиция туыпты. Тербелген суға қарап тебіренген Шәмші. Арыс толқындары аққуға айналып кеткен. Әр аққу қанатының сызығындағы ноталардан ән қалықтайтындай... Әзірге композиция қалыбын өз қаржысына құйдырыпты. Осы көрікті көзайым да Алматыдағы Шәмші саябағына орнатылса, ол да игі мақсаттың жүзеге асқаны болар еді.

Шынымен де, мүсінші Тілеубердінің арман, мақсаты көп-ақ. Өзіндік өрелі пікір, пайымдары да назар аударарлық. Мысалы, ол жастар жиі баратын саябақтарға Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Еңлік - Кебек, Қыз Жібек пен Төлеген ескерткіштері орнатылғаны жөн деп есептейді. Біз өзіміздің мың жылдық мәдениеті бар ұлт екенімізді, рухымыздың байлығын білдіру үшін нақты тарихи тұлғалармен қатар аңыз-ертегіле­ріміздегі Жиренше шешен, Қожанасыр, Алдар көсе, Тазша бала ес­керткіштерін мүмкіндігінше әр қалада тұрғызып, жастар санасына сондай ұлттық образдары сіңіргеніміз абзал емес пе дейді Тілеуберді. Астана қаласында бой көтеріп жатқан ғимараттарда ұлттық нақыш­­­тың аздығына қынжылады. «Көктөбеде әспеттеп ескерткіш қоятындай «Битлз» тобының бізге қандай жақсылығы өтіп еді? Оданша ондай ескерткішті Алматымен біте қайнасқан «Досмұқасанға» неге қоймасқа?» деп мұңаяды. Алматы әкімі жариялаған мәдениет жылында осы Тілеуберді сияқты ұлтжанды өнер адамдарының осындай пікір-пайымдары қаперге алынып жатса, құба-құп дер едік. Әйтпесе, Павлодарға апарып, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмай­тын Чарли Чаплиннің ескерткішін тұрғызғанның несі сән? Не мағына­сы бар? Кереку жеріне Шәкен Айманов ескерткішін орнатсақ, бізге кім қой дейді? Міне, Тілеубердінің осы тұрғыда айтылар азаматтық пайымдары да неше сан.
Бұл күнде зерделі қауымға Тілеубердінің өнері мен таланты кеңінен танылған. Бұл күнде өзі де сағынышқа айналған Тұманбай Молда­ғалиевтай ақын аға оның «жүрегінен өнердің үнін естуі» бекер емес. Себебі, «Болашақты болжап бір және көрдің, Толқынымен ойнадың жаңа көлдің. Менің Құралайымды гүл арқылы, Қайта мына дүниеге сен әкелдің». Өнер мен талант тағылымын ақындар жүрекпен сезінеді-ау. Тұмағаңның тағы бір ақын інісі Серік Тұрғынбекұлы Ті­леубердіге арнап: «Қара жерге гүл бітірдің, Қара тасқа тіл бітірдің. Ұр­пақтарға дәл бүгінгі - Бабаларды үлгі қылдың», деп сырлы жыр тол­ғаса, ол да шыннан шынайы. Олай болса, ішінде асыл арман қоздай­тын, түсінде тәтті қиял боздайтын, жаңа руханиятымыз бен мәдение­тімізде ескіден тартып есті сөз айтатын, өнер арқауын көнеден қозғап, келешекке жалғайтын біздің Тілеуберді мүсінші дос сомдаған және сомдай берер ұлылық пен қазақ рухының ескерткіштері мен мүсіндері болашаққа шеру тарта бергей.