Күзден бастап металл мен құрамында алтыны бар шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салынады

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Сонымен бірге мұнай секторындағы секілді 1 қазанға дейін төмен рентабельді тау-кен секторының кәсіпорындары үшін Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету ұсынылады. Қара металдар мен құрамында алтыны бар  шикізатты шығаруға тыйым салу туралы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін шешім даярланды»,-деді Б. Сағынтаев.

Оның сөзіне қарағанда, осы арқылы ішкі тұтыну көлемі шикізатпен толық қамтамасыз етіледі.  «Алтын бойынша 30 тоннаға дейін аффинажды алтынды шығару өнімін көтере аламыз»,-деді Б. Сағынтаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары мұнай-газ секторы бойынша мұнай өндіруді елеулі көлемде төмендетуге жол берілмейтіндігін жеткізді.


«Біз «Kazenergy» қауымдастығымен бірлесе мұнай-газ өндіруші 57 компанияға тыңғылықты талдау жасап, оның қорындысы бойынша төмен рентабельді 39-ы іріктелінді. Енді осы 39-ына қатысты Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету жоспарланып отыр»,-деді ол.