Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BES.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Не болғаны туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Елбек Тасболатұлы муфтияттың квадроберлерге қатысты ұстанымын жеткізді, бұл әрекеттер ислам нормаларын бұзу екенін атап өтті. Ол мұндай әрекеттердің шариғатта тыйым салынған істерге жататынын айтты.
Квадроберлер деген кімдер? Квадроберлер – көбіне жануарларға еліктеп, маска мен құйрық тағатын жасөспірімдер. Субкультура осы жылы Еуропада кең танымалдыққа ие болды. Кейбіреулер квадробингті спорт түріне жатқызады, өйткені бұл қозғалыстар бұлшықеттерді дамытады деп есептейді.
Муфтият не айтты? Тасболатұлының айтуынша, квадроберлік Алланың Құранда айтқандарына қайшы келеді.
«Құрандағы "Исра" сүресінің 70-аятында Алла Тағала: "Ақиқатында, Біз адамды құрметті, қасиетті етіп жараттық" деген. Бұл адамның ең құрметті және лайықты жаратылыс екенін білдіреді. "Тин" сүресінде: "Біз адамзатты ең кемел түрде жараттық" делінген. Біздің сыртқы келбетіміз және аяқпен жүру қабілетіміз – Алланың бізге берген сыйы», – деді муфтият өкілі.
Ол «Ниса» сүресінің 119-аятында шайтанның адамзатты дұрыс жолдан тайдыруға тырысатыны туралы айтылғанын атап өтті.
«Ниса сүресінің 119-аятында Алла Тағала шайтанның адамзатты қалай азғыратыны туралы айтады: "Мен адамзатқа Алланың жаратылысын өзгертуге бұйырамын". Осы аяттан біз квадроберлердің жануарларға еліктеп жасаған әрекеттері дінімізде тыйым салынған істерге жататынын түсінеміз. Бұл Алланың адамзатты қасиетті етіп жаратқанына қайшы келеді», – деді Елбек Тасболатұлы.
Квадроберлік – харам ба? BES.media журналисінің «Мұны исламда харам деп санауға бола ма?» деген сұрағына Елбек Тасболатұлы бұл харам емес, бірақ тыйым салынған әрекет екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, тыйым салынған әрекеттер төрт санатқа бөлінеді:
Муфтият өкілінің пікірінше, квадроберлердің әрекеттері күнә жүктейтін мәкрүһ тахрими санатына жатады.
Контекст Жақында Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев квадроберлердің әрекеттерін зерттеуді құзырлы органдардан сұрады. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол тіпті арнайы заң қабылдауға дайын екендерін жазды. Мұқаев квадроберлердің әрекеттерін аурумен салыстырды.
Көршілес Өзбекстанда ІІМ ересек квадроберлерге 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылатынын ескерткен.
Квадроберлер деген кімдер және олар қауіпті ме?
Соңғы кезде квадроберлер туралы көп айтылып жүр. Бұл субмәдениет өкілдері жан-жануарлардың костюмдерін киіп алып, іс-қимылдарын айнытпай қайталайды. Баласының бұл қылығын көрген ата-ана дабыл қағады, көшедегі жұрт жағасын ұстап, не айтарын білмейді. Заман азды ма, адам азды ма?
Квадроберлер деген кімдер, олар қайдан шықты?
Бұл субмәдениеттің атауы латынның quattuor (төрт) және ағылшынның aerobics (аэробика) деген сөзінен шыққан. Бұның мәні – төрт тағандап тұрып жануарға ұқсау.
Құбылыс ретінде Жапониядан бастау алды, жапон Кеничи Ито 2008 жылы төрт тағандап жүріп 18,58 секундта жүз метрді бағындырып, әлем назарын өзіне аударды. Дәлірек айтқанда, төрт тағандап жүгіру жаттығуына ел назары ауды. Кейін ғаламтордың арқасында бұл жүріс Жапонияда танылып, әлемге жайылды. Адамдар жан-жануарды еске салатын акробатикалық іс-қимылдар жасай бастады.
Басында спорт ретінде бой көрсеткен дүние бара-бара трендке айналды.
Яғни субмәдениет ретінде кейінірек қалыптасты. Ағымның өкілдері тек төрт тағандап жүріп қана қоймай, жануарлардың костюмдерін киетін болды. Елімізге келіп жатқан субмәдениет әсіресе оқушылар арасында танымал.
Тіпті желіге квадробика бойынша техникаларды үйрететін видеолар тарады. Авторлар қалай секіруге болатынын, бетперделерді қалай жасауға болатынын үйретеді. Балалар бұл нәрсені трендте болу үшін қайталайды.
Маркетплейстерде квадроберлерге арналған атрибуттар да сатылады. Жақында квадроберлерге арналған тамақ та пайда болды.
Тренд Қазақстанға да жетті. Алматы, Астана секілді ірі қалалардың көшелерінде жан-жануарлардың киімін киіп, төрт аяқтап жүрген ұл-қыздар пайда болды.