Қазақ киносы арзан күлкіге құрылған комедия деңгейінде қалып қоя ма деп қоғам белсенділері дабыл қағып жатыр. Жоқ, кино нарығына нағыз мамандар қосылып жатыр екен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Фильмнің продюсерлері Нартай Сауданбекұлы мен Азамат Атагелді қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселені негізгі тақырып етіп алыпты.
"Мен балалар мен жасөспірімдер тақырыбын қозғап жүрген журналиспін. Сіздерге бір қорқынышты ақпарат айтайын. Бұл деректі аспаннан алған жоқпын. Балалар мен жасөспірімдер суициді жағынан Қазақстан әлем бойынша 3-ші орында. Қандай жаман көрсеткіш", - деді журналист Данияр Есен.
Фильмде “Бұл дүниеден өткен әрбір баланың өліміне мына біз, ересектер кінәліміз” деген месседж тасталады. Біреулер айтады: "Баламызда проблема жоқ" дейді. Лайым, солай болсын. Бірақ, мен "Шын мәнінде проблема жоқ па?" деп сұрағым келеді.
Қазір балалар мен жасөспірімдер психологиясында мәселе өте көп. Оны сіз байқамайсыз. Қазір сізге ол басқа бір отбасында болып жатқандай көрінеді.
Бірақ, Құдай бетін аулақ қылсын, адам басына іс түскенде ғана — жан-жағына қарай бастайды. "Қай жерден мүлт кеттім екен?"-деп бармағын шайнайды. Оған дейін ешнәрсені аңғармайды.
Ал балаға ең керек дүние — сіздің махаббатыңыз. Комедиядан шаршаған шығарсыз. Ендеше, ой салатын, ой қорытатын фильм көріңіз. “Қара жәшік” - сондай салмақты туындының бірі.
Бұрын ұрпақ тәрбиесімен бүкіл қоғам болып айналысатын. Мектеп, ата-ана, қоршаған орта, барлық БАҚ құралдары. Кино, мультфильмдер де сондай мақсатпен түсіріліп, өлең, әңгімелер де сондай мақсатта әдейілеп жазылатын. Теледидардан интелллектуалдық, ғылыми, дамытушылық бағдарламалар берілетін. Тіпті көшедегі лозунгтар да бала тәрбиелеп тұратын. Ата мен әже ең үлкен тәрбиеші еді. Сондықтан да ол кездегі мұғалімдерге жеңілдеу болған шығар.
Қазір мектеп бала тәрбиесімен жекпе-жек қалды. Қоғамдағы ең үлкен жүкті мұғалімнің иығына артып қойып, күйбең тіршілік, күйкі тірліктің артында кеттік.
Бала қолындағы “қара жәшікпен” селдей тасып, секунд сайын алмасып жатқан ақпараттардың астында жалғыз қалды. Қазаққа “балам қатарынан қалмасын” деген тіркес бәле болып жабысты. Өйткені “қатарынан қалмасынды” тек материалдық құндылыққа тіреп қойдық. Сол жан иесімен сөйлесетін, сырласатын, түсіну түгілі тыңдайтын пенде жоқ! Бәріміз жұмыстамыз. Жұмыстан кейін де жұмыстамыз.
Нәтиже: Қазақстан жасөспірімдер суицидінен алдыңғы үштікте.
Фильмнің жабық көрсетіліміне барған Айгүл Жұмаділ өз ойын білдіріпті.
"Мен ұстаз ретінде, баламен күнделікті жұмыс жасап отырған маман ретінде шырылдаймын, қазіргі балаларға мейірім жетіспейді, көңіл жетіспейді, тәрбие жетіспейді - білім емес.
Гани Бейсембаев мырза, өткен жолғы кездесуде “бала тәрбиесі жөнінде ата-аналарға курстар өткізу туралы” жобаның шет жағасын айтып едіңіз. Мен осы фильмнен сол жобаның нобайын көргендей болдым. Медетжан Ізғұтты , сөзім министрге жетпей жатса, сізге де құлаққағыс.
Өз баласының аман-саулығын тілейтін әр бір ата-ана баласымен бірге барып көретін фильм - “Қара жәшік”!
Өзін ұстаз санайтын, шәкірт тәрбиесі толғандыратын әр мұғалім көретін фильм - “Қара жәшік”!
Елдің амандығын, парасатты ұлт қалыптастыруды ойлайтын әр шенеунік көретін фильм - “Қара жәшік!