Қымбат мектеп жақсы дегенді білдірмейді: Элитаға жататын білім ордасындағы сұмдық әшкере болды 

Әлеуметтік желіде буллинг туралы айып тағылған ақпраттан соң элитаға жататын қымбат мектептің беделіне нұсқан келді. Қазақстандықтар 2ГИС қосымшасына кіріп, білім ордасының рейтингін төмендетті. Не сұмдық әшкере болды? Қымбат мектептердің бәрі жақсы ма? Оның артында не жатыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Белгілі отандық кәсіпкер Қанат Әміркин Facebook парақшасында қызының басынан өткен жағдаймен бөлісті. QSI-Almaty халықаралық мектебінде оқитын қызы жүйелі түрде буллинге ұшыраған екен. Салдарынан қыз суицид жасамақ болған. Кәсіпкердің жазуынша, ол бір жыл бойы мектептің әкімшілігіне қызының қысымға ұшарайтынын жеткізуге тырысқан. 

«Бүгін мен үшін ең қаралы күн, қызымды ауруханаға алып бара жатқанын естігенде, ол өзіне қол жұмсамақ болыпты. Жазудың өзі қиын», - деп жазды ол. 

Қымбат деген аты болса, ол жақсы дегенді білдірмейді дейді кәсіпкер.

«Бір жыл бойы мектепке бір қарапайым нәрсені айтып жеткізе алмадым. Қызым қысымға ұшырады. Мен мәселені талай көтердім, сөйлесіп, жағдайды шешуді, тоқтатуды сұрадым. Өтінішіме олар немқұрайлы қарап, уақыттары жоқ екенін алға тартты, формальды жауаптар берді, мәселені шешуге тырысудың орнына, «байқамаған» кейіп танытып жүре берді», - дейді ол. 

Немұрайлы қарым-қатынастың соңы осындай қайғылы жағдайға жеткізді. Қазір кәсіпкердің қызы жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жазуынша, ол директордың кабинетіне аттап баса алмаған. 

«Түсінікті болу үшін айтайын. Бұл кездейсоқтық емес. Бір жыл бойы еленбеген мәселенің нәтижесі. Мен басшылыққа еш кіре алмадым, табалдырықтан әрі қарай өткізбеді. Бүгін де кездесуіміз керек екенін айтып, бала неге мектепке барғысы келмейтінін анықтайық деп сауал жолдадым», - дейді ол. 

Кәсіпкердің сөзінше, балаға бүкіл сынып қысым көрсетіп келген, ал мұндай жағдайға мұғалімдер көз жұмып қараған. 

"Бала дұрыс жауап бермесе, бүкіл сынып күліп, қорлай бастайды екен. Ал мұғалім оны тоқтатпайды. Шекара қоймайды. Мұндай әрекетті мектеп қызметкерлерінің өзі мақұлдайтындай көрінеді. Бұл америкалық мектепте орын алып жатыр», - деп жазды ол. 

Кәсіпкердің жазуынша, мұндай қадамға бұрынғы әкімнің қызы барған. Нақты кімнің қызы екені айтылмаған.

«Бұрынғы әкімнің қызы болса да, өзін бандының патшайымы санайды екен, барлық қыздарды қорлайды. Ол бұрынғы әкім бе, қандай әкім екені маған бәрібір. Балаларды дұрыс тәрбиелеу керек», - деп наразылық білдірді кәсіпкер. 

Қанат Әміркин қызының ауруханаға түскенін есіткен бойда, мектеп әкімшілігіне барған. Тіпті бұл жағдайда да неқұрайлылық танытқан білім ордасы кәсіпкердің ашуына тиді. 

«Бүгін сабырлылық таныту мүмкін емес, қызым жансақтау бөлімінде жатыр. Басшылықтан бір адам ғана ақылға қонымды сөздер айтты. Қалғандары менмендік танытып, кімсің дегендей жоғарыдан сөйлеп, ата-анаға кінә артуға тырысты», - дейді ол. 

Ең сорақысы кәсіпкерге берген жауап. Олар елдегі суицид көрсеткішін негізге алып, бұл жағдайда ешнәрсе істей алмайтындарын жеткізген. Жылына 25 000 доллар төлеп оқытатын элиталық мектептің стандартты жауабы халықтың жағасын ұстатты. 

«Ал сіздердің жауапкершіліктеріңіз қайда? Алдын алу шаралары неге жүргізілмейді? Бақылау неге жоқ? Бұл балалардың қауіпсіздігі туралы, бұл жеке өмірге қол сұғушылық емес, бұл буллинг пен қысымнан қорғау шаралары», - деп шүйлікті зардап шеккен қыздың әкесі.

Кәсіпкер істі соңына дейін жеткізуге дайын. Ол нақты тергеуді талап етіп отыр. 

QSI халықаралық мектебі туралы не белгілі?

Аталмыш білім ордасы Forbes.kz нұсқасы бойынша Алматы мен Астанадағы үздік 25 жекеменшік мектептің рейтингінде 4-орынды иеленген (наурыз 2025).

Жылдық кірісі шамамен 6,44 млрд теңгеге бағаланады, ал айлық орташа оқу ақысы – 1,4 млн теңге. Мектептің құрылтайшысы және негізін қалаушы – Джеймс Гилсон.

«Алматыда 1993 жылы ашылған. Негізгі оқыту тілі – ағылшын тілі. Алматыдағы QSI – бұл халықаралық мектептер желісінің бөлігі, онда негізінен шетелдік компаниялар мен дипломаттардың қызметкерлерінің балалары оқиды. QSI желісі әлемнің 31 елінде 37 мекемеден тұрады. 28 елдің өкілдері білім алатын Алматыдағы QSI мектебінің оқу бағдарламасы американдық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген, бұл түлектерге АҚШ пен Канаданың үздік университеттері мен колледждеріне түсуге мүмкіндік береді. 495 оқушының 253-і қазақстандық, тағы 78 оқушы АҚШ азаматтары, ал қалған 163-і басқа елдердің резиденттері», – деп жазады Forbes.kz.

Буллинг туралы ақпараттан соң қазақстандықтар 2ГИС қосымшасында мектеп туралы жағымсыз пікірлер қалдыра бастады. Нәтижесінде бірнеше сағат ішінде оқу орнының рейтингі 4,7-ден 3,8-ге дейін төмендеді.

Кәсіпкердің жазбасынан соң буллингқа қатысты шаралар қабылансын деген талаптар мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында пайда бола бастады. Алайда кейіннен пікір қалдыру мүмкіндігі жабылды.

Айта кетейік, 2018 жылы Астанадағы QSI мектебі де «даулы жаңалықтарға» іліккен болатын. «Время» газетінің жазуынша, шетелдік мұғалімдердің бірі «оқушыларға қатысты орынсыз және кәсіби емес мінез-құлық көрсеткен», содан кейін жұмыстан шығарылған. Журналистер бұл жағдайдың, мүмкін, сексуалды сипаттағы қысымға қатысты болғанын анықтады. Тіпті, мұғалім ретінде балаларға қатысты бірнеше сексуалды қылмыс жасады деген күдікке іліккен адам болуы мүмкін.

Айта кетейік, буллинг тақырыбы еліміздің барлық мектептеріндегі өзекті тақырып. 

Бірнеше күн бұрын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқу орындарындағы буллинг туралы айта келе, «жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанымен, тез арада нәтиже күтуге болмайды» деп мәлімдеді.

«Бүгін біз қандай да бір процесті енгіздік және ертең немесе бір айдан кейін бәрі жақсарады деп айта алмаймыз. Бірақ біз жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Сүлейменова. 

Сүлейменова мектеп психологтарының жұмысын жақсарту қажет деп есептейді. Сонымен қатар, оларға оқушылармен сабақ өткізуге жеткіліксіз сағат бөлінетінін мойындайды. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін әр өңір мектеп психологтарының санын 500 балаға 1 маман деңгейіне дейін арттыруы тиіс болған.

Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстанда буллинг үшін 200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы, 11 айда елде 400-ден астам әкімшілік іс қозғалған.

«Буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары 2022 жылдан бастап ресми түрде бекітілген, ал 2024 жылдан бастап әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Егер қудалауды 12-ден 16 жасқа дейінгі жасөспірім жасаса, жазаны ата-анасы көтереді.

2024 жылы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева елде күн сайын бір немесе екі кәмелетке толмаған бала суицид жасайтынын немесе оған әрекет ететінін мәлімдеді.

2025 жылдың ақпан айында қазақстандық прокурорларға мұғалімдер мен сыныптастар тарапынан буллингке қатысты 2000-ға жуық шағым түскен.

2025 жылдың қазан айында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сұмдық статистиканы келтірген.