Қымбатшылық қысты: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік мемлекет тарапынан неге бақыланбай отыр?

Ел азаматтары әлеуметтік желіде жаппай шағымдана бастады. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын 19 түрі қалай бақыланып отыр? Сарапшылар не дейді? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Мәселені белгілі журналист Гүлмира Әбіқай көтерді. Ол 40 грамм шоколадтың бағасы қалта көтермейтін сомаға жеткенін айтып, видео жүктеді. Әрине, шоколад маңызды тауар емес, десе де, қымбатшылық осыдан басталады дейді журналист.

«40 гр. шоколадтың соңы үлкен дауға әкеле жатыр-ау. Себебі, бір Алматының өзінде бұл тәттінің түрлі бағасы бар. Бақуатты аудандарда 800тг, орта жолда 650, шет жақта 550 теңгеден сатылуда. Сонда, Медеу жақта байлар тұрады, “Ақсайда” ақшасы жеткендер деп түсінеміз бе?», - деп шүйлікті журналист. 

Оның айтуынша, еліміздің әр өлкесінде баға әртүрлі. Халықтың жазған пікірлері оған дәлел. Журналистің шағымына ҚР сауда министрлігі бірден жауап берген. 

«Біз әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бағасын бақылаймыз. Қалған азық пен тауарларға бағаны бизнес өзі белгілейд», -  делінген жауапта. 

Айта кетейік, Құжатқа сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне 19 түрлі азық-түлік кіреді:

-Бірінші сортты бидай ұны;
-Бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді);
-Рожки (өлшеніп салынатын);
-Қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын):
-Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын);
-Картоп;
-Асханалық сәбіз;
-Басты пияз;
-Ақ қауданды қырыққабат;
-Ақ қант – құмшекер;
-Күнбағыс майы;
-Сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі);
-Тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік);
-Пастерленген сүт, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада;
-Майлылығы 2,5% айран, жұмсақ қаптамада;
-Сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ);
-Тауық жұмыртқасы (I санатты);
-Ac тұзы ("Экстра"-дан басқа);
-Сүзбе: майлылығы 5-9%.

"Әлеуметтік маңызы бар мемлекеттен бақыланатын азық-түлік тізіміне сиыр еті енеді екен. Өткенде күрт қымбаттағанда дәл осы ірі қараның етін бақылағанын көргем жоқ. Сары май да әрқилы бағамен сатылуда", - деп қосты Гүлмира Әбіқай.

Бұл азықтарға сауда үстемесі 15% аспауы керек.

«Дегенмен, тізімдегі 19 азық-түліктің де мемлекет тарапынан бақыланып жатқанын байқамадым. Сіз не дейсіз?», - деп қосты журналист. 

Отандық кәсіпкерлер жұмыс істеу күннен күнге қиындап барғанын жазуда. 

«Қатты қымбаттап жатыр, бұл сұмдық. Өзім дүкенді жалға алғанмын. Сауда өкілі келіп, каталогты көрсеткенде, бағаларын көріп төбе шашым тік тұрады. Амал жоқ, 20%  қосқанда, тіпті қымбаттап кетеді. Халықтың жағдайы ауыр. Келушілерден ұялғанымнан, сатып алған түбіртегімді көрсетемін. Әрине, біреулер түсінсе, екіншілері даттайды. Одан бөлек, кішкентай дүкендерді жоғарыдан қысып жатыр. Оларға төлейтін газ, су, жарықтың ақшасы тіпті шарықтып кеткен. Менің ойымша, кішкентай шоколад үшін 800 теңге ақылға қонымсыз баға, менде ол 435 теңгеден тұр. Мен халқымды ойлап, бағасын түсіріп беремін кейде, ал олай жасай берсем, өзім де банкротқа ұшыраймын, не істеймін?», - деп жазды кәсіпкер. 

Еліміз бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттаған. QZ NEWS порталының мәліметінше, баға бір жылда орта есеппен 10,3%-ға өскен. 

Қазақстандықтар сиыр етінің шарықтап кеткеніне наразы. Кейбір жағдайларда оның бағасы 9 мың теңгеге дейін жетеді екен. Мысалы, Алматыдағы "Көк" базарда сиыр етінің бағасы 4800 теңгеден сатылуда. Алайда қымбаттап жатқан тек ет емес, басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы өсіп отыр.

Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ең қатты қымбаттаған өнім – күнбағыс майы. Оның бағасы бір жылда 26,6%-ға артқан. Одан кейін сиыр еті – 26,5%, ал үздік үштікті ақ орамжапырақ толықтырады – оның бағасы 22,2%-ға көтерілген.

Сонымен қатар, соңғы бір жылда кейбір өнімдер арзандаған. Атап айтқанда, күріш 14,8%-ға, өлшеп сатылатын рожки 2,8%-ға, ал бірінші сортты бидай ұны 1,8%-ға төмендеген.

Ағымдағы баға өзгерістеріне келсек, 14–21 қазан аралығындағы бір апта ішінде ең көп қымбаттаған өнім – қарақұмық жармасы (+1,7%). Одан кейін сәбіз (+1,4%) және картоп (+1,2%) тұр.

Ал сол аптада біраз өнімдер арзандаған. Мысалы, пияздың бағасы 1,3%-ға, қант – 1%-ға, рожки – 0,2%-ға, күріш – 0,2%-ға, тауықтың сан еті – 0,1%-ға, ал ақ орамжапырақ та 0,1%-ға арзандаған.

Жалпы алғанда, 21 қазанға дейінгі деректер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға, жыл басынан бері 8,3%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға өскен.

Бұл ретте Астанада да әлеуметтік маңызды тауарлар қымбаттап жатыр, деп жазды inbusinnes.kz.  Жалпы, қазан айының басынан бері көкөністердің бағасы үздіксіз өсіп келеді. Енді мұның қатарына ұн, тұз, күнбағыс, сары май және жұмыртқа да қосылған.

"Осы 19 тауарды ғана бақылай алмай отырса, олар несіне министрлік болып отыр? Сиыр еті 1 кг бағасы 4500 теңгеден сатылып жатыр, ал олардың бақылауы бойынша 2850 теңге".

"Бәрі қымбаттап жатыр. Ақша құнсыз. Тапқан табысымыздың 70%-ы тамаққа кетіп жатыр. Жолдасымның ақшасы ипотека, коммуналды қызметтерді төлеуге, балабақшаға кетеді. Өзімізе түк қалмайды. Бір айдан келесі айға шиқылдап зорға жетеміз".

"Үкіметке қағаз жүзінде бәрі керемет, әйтпесе айлығымыз тек тамақ пен коммуналды қызметке кетіп жатыр".

"Алматыда 25 жыл тұрып, бірінші рет тамақ сұрап келген адамды көрдім. Бір апа қолына себетін алып, менен тамақ сұрады, үйде ашылмаған май мен нанды бердім. Халықтың жағдайы мәз емес", - деп жазып жатыр желі қолданушылары.