Қыпшақтар туралы неге көп айтылмайды?

Осы сұрақтарға жауапты түркі әлемін зерттеуші, жазушы Мәди Раимов жауап береді, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Астанадағы QazaqGeography қоғамында өткен кездесуде Дала мен Кавказ тарихының байланысы қызу талқыланды. Онда XI–XII ғасырларда қыпшақтардың Грузияға қоныс аударуы және олардың ел тарихындағы орны сөз болды.

Тбилисиде жақында «Грузиядағы қыпшақтар» атты көрме ашылды. Онда Орта ғасырларда Орталық Азия даласынан Шығыс Еуропаға дейінгі кеңістікте ықпал еткен қыпшақтардың мұрасына қатысты жәдігерлер қойылған. Алайда бұл көрме мен ондағы тарихи деректер Қазақстанда көпшілікке әлі де беймәлім.

Тарихи деректерге сәйкес, XI ғасырда Селжұқ империясының күшеюіне байланысты Грузия патшасы IV Давид (Құрылысшы Давид) Солтүстік Кавказдағы қыпшақтарды өз еліне қоныстануға шақырған. Сол кезеңде қыпшақтар Киев кінәздігінің қысымына ұшырап жатқан еді.

Саяси одақ әулеттік некемен де бекітілді. Давид қыпшақ ханшайымы Гурандухтқа үйленген. Аңызға сәйкес, оның жасауымен бірге 40 мың киіз үйден тұратын қыпшақ қауымы Грузияға көшіп келген.

Қыпшақтар Грузияның шекаралық аймақтарына орналастырылып, елдің қорғаныс шебін құрды. Әрбір қыпшақ отбасы патша әскері үшін бір сарбаз беруге міндеттелді. Өз аттары мен қаруы бар көшпелілерден құрылған атты әскер кейін грузин армиясының маңызды күшіне айналып, мемлекеттің әскери жеңістеріне елеулі үлес қосты. Уақыт өте келе қыпшақтардың бір бөлігі грузин қоғамына сіңісіп, мемлекеттік қызметтерде де еңбек етті.

Жазушы әрі зерттеуші Мәди Раимовтың айтуынша, бұл тақырып Қазақстанда әлі толық зерттелмеген.

«Бұл өте қызықты тақырып. Біз бұл туралы өте аз білеміз. Әсіресе ата-бабаларымыздың Грузия мемлекетінің тағдырына қалай ықпал еткенін, оған қандай көмек көрсеткенін көпшілік білмейді. Әңгіме тек әскери қолдау туралы емес, мәдени байланыстар да болған. Қазақстаннан Грузияға баратын туристер ол жақта қыпшақтардың ізі қалған көптеген тарихи орындардың бар екенін біле бермейді. Орта ғасырларда қыпшақтар жалдамалы әскер ретінде көптеген елде жүрген деп ойлаймын», – деді ол.

Зерттеушінің пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда түркі әлеміне деген қызығушылық артып келеді. Бұл мәдени байланыстардың күшеюінен, туристік ағынның өсуінен және қоғамдық бастамалардан байқалады.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Грузияны ортақ тарихи тамыр, мәдени байланыстар және өзара ықпалдастық біріктіреді. Осы бағытта бірлескен тарихи сериалдар түсіру, мәдени жобаларды жүзеге асыру, телебағдарламалар әзірлеу және түркі әлемінің тарихына арналған туристік маршруттарды дамыту екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта алады.