Күріш пен мақтаның дәурені өтті ме? Су тапшылығынан алқаптар қысқарып жатыр 

Су ресурстарының азаюы мен климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы саласына жаңа талаптар қойып отыр. Ылғал көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту енді басты міндет. Одан бөлек, суды заңсыз пайдалануды тоқтату және заманауи технологияларды енгізу де елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының біріне айналмақ. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Қазақстанда күріш пен мақта егістіктерінің көлемі су тапшылығына байланысты қысқаруда. Жаңа Су кодексіне сәйкес, аграршылар суды үнемдейтін технологияларға көшуге міндетті. Алайда ескертулерге қарамастан, кейбір өңірлерде әлі де ылғал көп қажет ететін дақылдар егілуде, олардың ішінде жоңышқа да бар.

Инспекторлар бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері су заңнамасын бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды. Суармалы суды заңсыз пайдалану үшін салынған айыппұлдар сомасы 90 млн теңгеден асты, оның жартысына жуығы дәл осы заңсыз пайдалануға тиесілі.

«Су ресурстарының азайып келе жатқанын және аз ылғал қажет ететін дақылдарға көшу жөніндегі ұсыныстарымызды бірнеше рет айтқанымызға қарамастан, кейбір әкімдіктер ылғалсүйгіш дақылдардың көлемін ұлғайтты. Осы үрдісті ескере отырып, біз Қазан айынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, трансшекаралық өзендерге тәуелді аймақтарда ылғал көп қажет ететін дақылдарды қысқарту қажеттігі туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Ылғалсүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту міндетін биылғы Жолдауында Қазақстан Президенті де айқындап берді. Сонымен қатар суармалы суды заңсыз алуды қатаң тоқтату қажет. 

Тағы бір маңызды мәселе – суды қара нарықта заңсыз сату және сатып алу. Мұндай фактілерді ІІМ қатаң бақылауға алуы тиіс.

Бұдан бөлек, су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру тапсырылды. Оның келесі жылы әзірленуі жоспарланып отыр. 

Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл жүйе жер асты және жер үсті бассейндері туралы мәліметтерді біріктіріп, толыққанды мониторинг жүргізуге және елдің ұзақ мерзімді су саясатының басты құралы – ұлттық су балансын қалыптастыруға мүмкіндік береді.