Caravan Logo

"Қыста қандай футбол": Шымкент әкімі жыл соңында "Ордабасыға" 900 миллион бөлді

"Қыста қандай футбол": Шымкент әкімі жыл соңында "Ордабасыға" 900 миллион бөлді

Жыл аяқталуға жиырма күн қалса да, Шымкент әкімі футболды дамытуға бюджеттен 900 миллион бөлгені қоғамның наразылығын тудырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өткенде брифинг берген кезде дүйім жұрттың алдында "Ордабасы" футбол клубының қаржысын қысқартамыз деген еді. Сол әңгімесі "ұпай" жинау үшін айтылған болып шықты.

Әлеуметтік желіде қала әкімдігінің "Ордабасы" клубының алдағы жарыстарына 900 млн. теңгеге жуық қаржы бөлгені туралы ақпарат тарап жатыр. Футбол клубы ол қаржыны осы жылдың соңына дейін игеруі тиіс.

Сөзі басқа, ісі басқа әкімнің бұл әрекеті сынға ұшырады. Журналист Ерболат Айнабеков бұл ақшаны бөлудің ысырап екенін айтты.

Біріншіден, Қазақстанда футбол маусымы аяқталған. Еурокубоктың топтық турнирінде ойнайтын "Астана" клубынан өзге командалардың ойыншылары демалысқа шығып кетті.

Екіншіден, бұл қаржы алдағы жарыстарға дайындық жүргізуге депті. Қазақстанда футбол маусымы келер жылдың наурыз айында басталады. Ал клубтар оқу-жаттығу жиындарына кем дегенде қаңтардың ортасында кіріседі.

Енді "Ордабасы" клубының президенті бұл қаржыны қалай игермек?

Шымкенттегі "Биік" футбол базасы үшін бұл өте көп қаражат. Ол жерде алдағы 26 күнге жаттығу өткізу ондай ақша тұрмайды. Түркиядағы жаттығу базалары клубтарды қаңтарда қабылдай бастайды.

Жуық арада "Ордабасы" қатысатын жарыс жоқ. Келер маусымға жоғары деңгейлі футболшылар аламыз десе, қас қылғанда трансфер терезесі де жабық тұр. Ол да қаңтар айында ашылады.

Соны біле тұра, әкімдіктің клубқа 1 млрд. теңгеге жуық қаржыны салп еткізіп бере салғаны қалай?