2025 жыл журналистер үшін қаралы жылдардың біріне айналды. Әлемнің түкпір-түпкірінде БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдар мен қастандықтар жаңа деңгейге жетті. Шетелдік БАҚ шындықты жайып салды. Сaravan.kz тілшісі анықтап білді.
Халықаралық «Шекарасыз репортерлар» (RSF) ұйымы журналистерге қарсы зорлық-зомбылық туралы жыл сайынғы баяндамасын жариялады. Статистика шошытады. Бір жылда 67 журналист қаза тапқан, 500-ден астамы түрмеде, 20-сы кепілде ұсталып отыр.
Қытай журналистер үшін әлемдегі ең үлкен түрме болып қала береді. Ал Ресей репортерлерді қамау бойынша екінші орынға шықты, және шетелдік журналистерді тұтқындау бойынша бірінші орында. Қаза болғандардың жартысына жуығы Газа секторында өлтірілген. RSF бас директоры Тибо Брюттен зорлық-зомбылықтың өсуін «баспасөзге деген жеккөрушілік» және билік тарапынан қалыптасқан «жазасыздық» нәтижесі деп сипаттайды.
Өлтірілгендер саны өсті: соғыс және ұйымдасқан қылмыс
Ұйым баяндамасында журналистердің қазасы қайтадан өскені айтылған. Оған үкіметтік және үкіметтік емес қарулы топтардың қылмыстық әрекеттері, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыс себеп болған.
2023 жылы «Шекарасыз репортерлар» 49 журналистің өлімін тіркеген, бұл соңғы жиырма жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі еді. Алайда 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС ұйымдастырған шабуылдан кейін Израильдің Газадағы соғысты бастауымен 2024 жылы (анықталған деректер бойынша — 66 адам), 2025 жылы (67 адам) бұл көрсеткіш қайта артты.
Соңғы он екі айда (2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың желтоқсанына дейін) қаза тапқан журналистердің шамамен 43%-ы «Газа секторында Израиль қарулы күштерінің оғынан» қаза болғаны айтылған.
«2023 жылдың қазан айынан бері ЦАХАЛ әрекеттерінің салдарынан шамамен 220 журналист көз жұмды, олардың кем дегенде 65-і кәсіби қызметін атқару кезінде немесе соған байланысты қайтыс болды», - делінген баяндамада.
RSF редакциясының басшысы Анн Боканде France-Presse агенттігіне берген сұхбатында журналистерді «қаралау» арқылы қылмыстарды ақтауға тырысатын үрдісті сынға алды:
«Бұл кездейсоқ оқ жаудыру емес. Бұл журналистерге жасалған әдейі шабуылдар, себебі олар әлемге шынайы жағдайды жеткізіп отыр».
Мексикада, картельдердің билігі жүріп тұрған елде биыл тоғыз журналист өлтірілген. 2025 жылғы өлімдердің басты себебі — ұйымдасқан қылмыс.
2023 жылы Францияның СІМ-і осы елдегі наркобизнес туралы зерттеулер жүргізетін журналист Марчела Туратиге Политковская Сольдин атындағы сыйлыққа ие болды.
«Клаудия Шейнбаум президент қызметіне кіріскеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де, RSF-ке берген уәделеріне қарамастан, 2025 жыл соңғы үш жылдың ішіндегі ең сұрапыл жыл болды. Мексика журналистер үшін әлемдегі ең қауіпті елдердің бірі болып қалды», - делінген құжатта.
Жалпы Латын Америкасында 2025 жылы қаза тапқан журналистердің төрттен бірі өлтірілген, аймақ «мексиканизация» процесін бастан кешіріп жатыр.
Украина (үш журналист) және Судан (төрт) RSF деректерінде журналист өлімі бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелген елдер. Украинада «ресейлік армия жергілікті және шетелдік репортерлерге шабуыл жасауды жалғастырып жатыр».
2025 жылдың 3 қазанында Донецк облысының Константиновка маңында ресейлік дрон соққысынан 37 жастағы француз фоторепортері Антони Лалликан қаза болды.
23 қазанда Краматорскіде ресейлік «Ланцет» дронының шабуылынан Freedom телеарнасының 43 жастағы журналисі Елена Губанова мен 33 жастағы оператор Евгений Кармазин қаза тапты.
«Журналистерге деген жеккөрушілік 67 адамның өліміне әкелді. Бұл кездейсоқтық емес. Олар кәсіби қызметіне байланысты әдейі өлтірілді. Жазасыздық осылай өрістейді: халықаралық ұйымдардың әскери қақтығыстарда халықаралық құқықты қорғауда әлсіз болуы, мемлекеттердің қорғаныс саясатын жүргізуге жігерсіздігі осының салдары», - деді Тибо Брюттен.
«Бүгінде нақты мәселе барын айту керек. Үкіметтер журналистерді қорғау саясатына қайта оралуы тиіс, оларды нысанаға айналдыруға болмайды», - деп мәлімдеді RSF өкілі Анн Боканде.
Іс-түссіз жоғалғандар
«2025 жылы 37 елде 135 журналист із-түзсіз жоғалғандардың қатарында, кейбірі отыз жылдан бері хабарсыз кеткен», - делінген баяндамада.
Бұл тізімнің көшбасында Сирия тұр. Мұнда 37 журналистің тағдыры беймәлім.
«Көпшілігі „Ислам мемлекеті“ немесе Башар Асад режимі тұтқындаған адамдар. Алайда ИМ-нің күйреуі мен Дамаск режимінің құлауы оларды табуға әлі мүмкіндік берген жоқ», - дейді RSF.
Ұйым «Хайят Тахрир аш-Шам» қозғалысы билікке келгеннен кейін де түрмелерде бірнеше журналист отырғанын, олардың да босатылуы қажет екенін атап өтеді.
Екінші орында - Мексика. Елде 28 журналист жоғалып кеткен. Малиде, Ресейге жақын хунта билік еткен елде, Radio Coton d’Ansongo радиосының директоры Салек Аг Джидду мен жүргізуші Мустафа Коне 2023 жылдың 7 қарашасында қарулы топпен ұрланғаннан бері із-түзсіз кеткендер қатарына енген.
Түрмедегі журналистер
Журналистерге жасалатын зорлықтың тағы бір түрі - заңсыз қамау.
2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін әлемнің 47 елінде 503 журналист түрмеде отырған.
«2025 жылдың 1 желтоқсанына қарай ҚХР түрмелерінде 113 медиа қызметкері отыр, оған қоса Гонконгтағы тағы сегіз журналист бар. Қытай Халық Республикасы журналистер үшін әлемдегі ең үлкен түрме», - делінген баяндамада.
Екінші орында — Ресей (48). Үшінші орында — Мьянма (47).
«Ресей — шетелдік журналистерді ең көп қамайтын ел (26), бұл көрсеткіш бойынша Израильді (20) басып озды», — дейді RSF. Қамалған 26 адамның барлығы украиналық журналистер.
2025 жылдың өзінде Ресей түрмелерінде заңсыз қамалған украин журналистерінің саны артқан.
Кепілдегі журналистер
RSF «кепілдегі» деген арнайы санатқа «мемлекетке қатысы жоқ құрылым ұстап отырған, қамауда ұстау өлім немесе жарақат салу қаупімен қатар жүретін, не белгілі бір талап орындалғанша босатылмайтынын айтатын жағдайларды» жатқызады.
Әлемнің әр түкпірінде 20 журналист әлі де кепілде отыр.
«2025 жылы хусит көтерілісшілері тағы жеті журналисті кепілге алды. Осылайша Йемен соңғы он екі айдағы журналист ұрлау бойынша бірінші орынға шықты», - делінеді баяндамада.
Журналистерге қатысты барлық зорлық фактілері (өлтірілгендер, тұтқындағылар, кепілдегілер, жоғалғандар) RSF аймақтық менеджерлері мен тілшілері арқылы тұрақты жаңартылып отырады және ұйымның онлайн-барометрінде жарияланады.
Айта кету керек, «Шекарасыз репортерлар» 1995 жылдан бері журналистерге жасалатын зорлық туралы есеп дайындайды. Ұйым «журналистің қамауға алынуы, ұрлануы, жоғалуы немесе өлімі оның кәсіби қызметімен тікелей байланысты екенін дәлелдейтін деректерді барынша мұқият жинайтынын» атап өтеді. RSF тек «ақпаратты қоғам мүддесі үшін жинайтын, өңдейтін және тарататын, сөз бостандығы принциптерін ұстанатын» журналистерді есепке алады.
Басқа ұйымдардың деректері әдістемедегі айырмашылықтарға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, ЮНЕСКО 2025 жылы әлемде 91 журналист өлтірілгенін мәлімдеді.
«2006 жылдан 2024 жылға дейін әлемде 1700-ден астам журналист өлтірілді, олардың тоғыздан бірі ғана сот әділдігіне жеткен», - дейді БҰҰ құрылымы.
1993 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан олардың тізімінде бүгінгі күні 1841 есім бар.