Қытай тілін менсінбегеніме өкінемін - Саясат Нұрбек

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Министр "Adyrna" ютуб арнасына берген сұхбатында бірнеше тіл білетінін айтып, қытай тілін үйренбегеніне өкінетінін жеткізді

"Мен ағылшын тілін, түрік тілдерін жақсы деңгейде білемін. Итальян тілінде екі университетте сабақ бердім. Одан бөлек испан, латын тілдерін білемін. Жапон тілін де қатты ұмытпаппын. Жақында Токиоға барған сапарымда "не айтамын" деп уайымдап едім, есте қалған екен. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек. Тіл үйрену - үлкен инвестиция. Сіздің уақытыңыздың, өміріңіздің инвестициясы. Ол уақытты басқа нәрсемен айналысуға, спортпен шұғылдануға, бағдарлама үйренуге жұмсауға болады", - дейді ол.

Саясат Нұрбек болашақта машиналық оқыту мен жасанды интеллект аудармашылардың қызметін айтарлықтай өзгертуі мүмкін екенін де айтты.

"Қазір машиналық оқыту, жасанды интеллект арқылы тілмаштарды, аудармашыларды "өлтіріп" тастайды. Құлағыңызға аппарат тағып алсаңыз сіз өз тіліңізде сөйлейсіз, келесі адам оны өз тілінде естиді. Ағылшын тілінде жақсы мақал бар. "Тіл әйел секілді, көңіл бөлмесең кетіп қалады" дейді. Өте обал. Мен қанша тіл үйренуге тырыстым. Жапон тілін оқыдым. 20 жылдай сөйлеген жоқпын, ақырында кетіп қалды. Бірнеше тіл міндетті түрде керек болады. Ағылшын амалсыз халықаралық тіл, ғылым, бизнес тілі. Сондықтан оған инвестиция керек. Ол қайтарымды, мықты инвестиция, күш аямау керек. Қытай тілін менсінбегеніме өкініп отырмын. Қазір қолымнан келсе, 1-2 еуропалық тілді қытай тіліне ауыстырушы едім. Ол - өте күрделі тіл, табиғаты басқа тілдерге ұқсамайды. Өкінішке қарай, тіл үйренуде сиқыр жоқ. Ол - тәртіппен, жүйеге негізделген еңбек", - дейді ол.