Енді осы үнсіздікке алғашқылардың бірі болып Қазақстан заңмен жауап беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң қалыңдық ұрлау мен мәжбүрлі некеге қатысты жауапкершілікті күшейтіп, елдегі ғана емес, тұтас өңірдегі терең тамыр жайған әлеуметтік проблеманы күн тәртібіне шығарды. Бұл тек бір елдің емес, бүкіл Орталық Азияның мәселесі. Қырғызстанда «ала качуу» деп аталатын бұл тәжірибе жыл сайын мыңдаған қызды құрбан етсе, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанда да ұқсас жағдайлар жасырын күйде қалып келеді. Дәстүрге бетперде киген зорлыққа қарсы тұру тек заң қабылдау емес, ұрпақ санасын өзгерту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әйелдің даусын есту. Қазақстан алғашқы қадам жасады. Енді көршілер не істемек? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Неке қиюға мәжбүрлеу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңдарға, оның ішінде қалыңдық ұрлау, сталкинг (қудалау) және төлем жүйелерін реттеуге бағытталған қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізуге қол қойды. Солардың ішінде ең маңыздыларының бірі — Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» атты жаңа баптың енгізілуі болды. Бұл бап неке мақсатында адам ұрлағандарды жазалауды көздейді. Бұл шара Қазақстандағы ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдеріндегі өзекті әлеуметтік мәселеге мемлекет тарапынан берілген жауап болды. Қалыңдық ұрлау мәселесі мәдени айырмашылықтарға қарамастан, өңірде ұқсас сипатқа ие және бұл құбылыспен күресте бірізді құқықтық тәсіл қажет етеді.
Қылмыстық кодекстің жаңа бабына сәйкес, неке қиюға мәжбүрлеу үшін 2000 АЕК көлемінде айыппұл (7 864 000 теңге), түзеу жұмыстары, екі жылға дейін бостандықты шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолдану арқылы жасалса, жаза күшейеді: айыппұл 5000 АЕК-ке дейін (19 660 000 теңге) өсіп, бостандықты шектеу немесе айыру мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғаяды. Егер қылмыс салдарынан жәбірленуші қаза тапса, кінәліге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұл шаралар мемлекет тарапынан қалыңдық ұрлау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдатуға деген ұмтылысты білдіріп, әйелдер мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Көрші өңірлер де сабақ алуы керек
Қырғызстанда «ала качуу» деп аталатын қалыңдық ұрлау немесе өзге де Орталық Азия елдеріндегі ұқсас тәжірибелер өңірде кең таралған. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Қырғызстанда жыл сайын 12 мыңдай қыз ұрланады, олардың шамамен 2000-ы мәжбүрлі некемен аяқталады. Өзбекстанда нақты статистика аз болғанымен, ауылдық өңірлерде ұқсас үрдістер байқалады. Тәжікстан мен Түрікменстанда да бұл проблема бар, бірақ бұл елдердің жабықтығына байланысты деректер шектеулі. Өңірге ортақ сипат — қалыңдық ұрлаудың дәстүр деп ақталуы, бұл өз кезегінде оған қарсы күресті қиындатады. Жәбірленушілер көбіне жас қыздар — физикалық және психологиялық зорлыққа, сондай-ақ қоғам тарапынан стигматизацияға ұшырап, көмек сұрауға бара бермейді.
Қазақстанда мәжбүрлі некеге қатысты қатаң жазалардың енгізілуі бұл тәжірибеге деген қоғамдық көзқарасты өзгертудің маңызды қадамы болмақ. 7 864 000 теңге мен 19 660 000 теңге көлеміндегі айыппұлдар және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы мемлекет тарапынан бұл мәселеге байыпты қарайтынын аңғартады. Алайда заңның тиімділігі бірнеше факторға байланысты болмақ.
Біріншіден, құқық қолдану тәжірибесіне: ауылдық жерлерде дәстүрлі ұғымдар басым болғандықтан, полиция мен сот жүйесі жергілікті қоғам тарапынан қысым көруі мүмкін. Екіншіден, халықтың құқықтық сауаттылығына: ақпараттық науқансыз жәбірленушілер өз құқықтарын білмеуі мүмкін. Үшіншіден, құқықтық және психологиялық көмектің қолжетімділігіне: 2023 жылғы дерек бойынша Қазақстанда зорлық көрген әйелдердің тек 15%-ы ғана құқық қорғау органдарына жүгінген.
Қырғызстанда бұл мәселе жақсы зерттелген, заң бойынша неке мақсатында адам ұрлағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда Human Rights Watch 2024 жылғы есебіне сәйкес, мұндай істердің тек 10%-ы ғана сотқа жетіп, олардың 5%-дан азы сот үкімімен аяқталады. Бұл тек қатаң заңдар ғана емес, олардың жүйелі қолданылуының да маңызды екенін көрсетеді. Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанда бұл салада заңнамалық база әлі де әлсіз. Мысалы, Өзбекстанда адам ұрлау Қылмыстық кодекстің 137-бабымен 7 жылға дейін жазаланады, бірақ неке мақсатындағы мәжбүрлеуге нақты сілтеме жоқ. Тәжікстан мен Түрікменстанда бұл әрекеттер көбінесе жалпықылмыстық сипатта қаралып, нақтылаудың болмауы құқықтық тиімділікті төмендетеді.
Орталық Азия елдеріне Қазақстандағыдай нормаларды қабылдау қалыңдық ұрлау фактілеріне құқықтық тұрғыдан бірізділік енгізуге сеп болар еді. Қырғызстанда жазаны Қазақстандағыдай 10 жылға дейін ұзарту және кәмелетке толмағандарға күш қолдану немесе өлімге әкелген жағдайларды дифференцияланған түрде қарастыру орынды болар еді. Өзбекстан Қылмыстық кодексіне неке қиюға мәжбүрлеу туралы жеке бап енгізіп, 2000–5000 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдарды белгілеуі қажет (бұл шамамен 18 000–45 000 АҚШ доллары). Тәжікстан мен Түрікменстан құқықтық жүйесі ашық болмағандықтан, арнайы нормалар қабылдап, олардың орындалуын бақылау тетіктерін құру қажет. Мысалы, 2024 жылы Тәжікстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 1300 АҚШ долларын құрағандықтан, айыппұл мөлшері сол елдің экономикалық шындығына сай болуы керек — тым ауыр да, тым жеңіл де болмауы шарт.
Өңірлік ынтымақтастықты да дамыту маңызды
Орталық Азиядағы ынтымақтастық аясында мемлекетаралық жұмыс тобы құрылса, тәжірибе алмасуға және біртұтас стандарттар әзірлеуге жол ашар еді. Мысалы, 2023 жылы өңір елдері әйелдерге қатысты зорлықпен күрес саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған, бірақ онда қалыңдық ұрлау мәселесі нақты қарастырылмаған. Бұл мәселені күн тәртібіне енгізу Түрікменстан мен Тәжікстанды реформа жасауға итермелеуі мүмкін. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені де ескеру керек: мысалы, Грузияда да бұл проблема өзекті болған, 2017 жылдан бастап заң бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілгеннен кейін, 2024 жылға қарай қалыңдық ұрлау жағдайлары 30%-ға азайған.
Қалыңдық ұрлау тәжірибесінің кең таралуына экономикалық және әлеуметтік факторлар да әсер етуде. Орталық Азияда ауылдық жерлердегі кедейлік деңгейі 20–30%-ға жетіп, жастар арасындағы жұмыссыздық кейбір аймақтарда 15%-дан асып жығылады. Мұндай жағдай әйелдердің отбасына тәуелділігін арттырып, мәжбүрлеуге қарсы тұру мүмкіндігін азайтады. Қатаң жазалармен қатар, әйелдердің экономикалық дербестігін арттыру шаралары қажет. Мысалы, Қазақстанда 2024 жылы 120 мың әйелге арналған шағын қаржыландыру бағдарламалары жүзеге асырылды, сондай-ақ ауылдық қыздарға арналған стипендиялық білім беру жобалары іске қосылды.
Мәдени факторлар да ескерусіз қалмауы керек. Орталық Азияда заңнан бұрын дәстүр шешім шығаруы мүмкін. Мысалы, Қырғызстанда 2023 жылғы сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 65%-ы қалыңдық ұрлауды мәдени дәстүр деп санаған. Қазақстанда ауыл тұрғындарының 40%-ы бұл әрекетті құптайтынын айтқан. Қоғамдық көзқарасты өзгерту үшін жергілікті көшбасшылар мен діни тұлғаларды тартқан ақпараттық-ағарту кампаниялары қажет. Қазақстанда 2024 жылы әйелдердің құқықтары туралы 1500-ден астам іс-шара өткізіліп, дағдарыс орталықтарына жүгінушілер саны 25%-ға артқан.
Қазақстандағы бұл тәжірибені өзге елдерде қолдану үшін жергілікті ерекшеліктерді ескеру маңызды. Қырғызстанда басты назар құқық қолдануды күшейту мен жәбірленушілерге арналған баспана ашуға аударылуы тиіс. Өзбекстанда, урбанизация жоғары болғандықтан, ақпараттық кампанияларды қалаларда белсенді жүргізу қажет. Тәжікстан мен Түрікменстанда, құқыққа қолжетімділік шектеулі болған жағдайда, БҰҰ немесе ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар арқылы қолдау көрсететін бағдарламалар керек. Мұндай бастамаларға қаржы халықаралық гранттар есебінен бөлінуі мүмкін: 2024 жылы Орталық Азия әйелдер құқығына арналған жобаларға 50 млн АҚШ доллары көлемінде халықаралық көмек алған.