Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Кез келген алдына мақсат қойған, ұлтыма, еліме пайдам тисін деген адам артынан қуған пендешілік адамдардың пиғылына қатты қарайламау керек. Ол сені мақсатыңнан тоқтатады, ол сені артқа қарайлатады. Көп адамның неге жамандайтынын, неге тиісіп жатқанын білесің. Сондықтан оған ирониямен қарайсың. Қызғаныш деген дүние бар. Біреудің жақсы амалдың қасында біреудің күнәсі көрініп қалады. Сын деген нәрсе жақсы дүниеден туады. Сынның формасы бар, оның ниеті бар. Ниетің жақсы, біреуді түзеткің келіп тұр, бірақ форматын дұрыстап таппасаң ол да сын емес, тиісуге айналып кетеді”, - деді Мұхаммеджан Тазабек.
Сондай-ақ, ол сұхбат барысында Ардақ Назаров пен Ермахан Ибраимов туралы да айтты.
”Орашалақ айтып қалған сөз бар шығар, мүмкін біреуге ұнамайтын сөздер бар шығар. Бірақ соны ешкім түзеткісі келген жоқ. Әжуалады, мазақтады. Ол жігіттердің одан ештеңесі кетпейді. Олар өзінің көшін алдыға қойған, миссиясын атқарып олимпиаданың алтын тұғырына шыққан жігіт. Соларды мазақтаған, әжуалаған адамдар келесі парасат деңгейіне көтеріле алмай қиналады. Сондықтан адам біреуді табалаудан, біреуді әжуалаудан барынша жол бермеу керек”, - деді қоғам қайраткері.