Үкімет энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Үкіметтің мәліметінше, жылу электр орталықтарының техникалық жағдайын жақсарту нәтижесінде «қызыл аймақта» тұрған нысандар саны 19-дан 5-ке дейін азайған.
2024-2025 жылдары электр станцияларында 20 энергоблок, 118 қазандық және 84 турбина жөндеуден өтті. Осы кезеңде энергетикалық нысандардың орташа тозу деңгейі 56%-дан 53%-ға төмендеген. Ал жылыту маусымындағы технологиялық бұзушылықтар саны 32%-ға қысқарған.
Жаңа энергетикалық қуаттар іске қосылады
Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2026 жылы дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері есебінен жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын жаңа генерация нысандарын іске қосу көзделіп отыр.
Қазір Қызылордада қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту жұмыстары аяқталған.
Түркістанда қуаты 1 ГВт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Үкіметтің мәліметінше, 2027 жылы жаңа қуаттарды іске қосу ішкі электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіледі.
Коммуналдық желілердің тозуы да төмендеген
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында 700-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде еліміздің барлық 20 өңіріндегі табиғи монополиялар субъектілерінің 451 нысанының жағдайына талдау жүргізілген.
Бүгінгі таңда Қазақстанның тұрғын үй компаниясы арқылы жалпы құны 145 млрд теңге болатын 103 жоба қаржыландырылды. Қаражат жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғыртуға, су тазарту нысандарын салу мен жаңартуға, сондай-ақ өндірістік процестерді автоматтандыруға бағытталады.
Үкіметтің дерегінше, соңғы екі жылда сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 2023 жылғы 40%-дан 2025 жылы 38%-ға дейін төмендеген. Су бұру желілерінің тозуы 56%-дан 54%-ға азайған.
2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33%-ға және 41%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Коммуналдық төлемдерді есептеу цифрландырылады
Үкімет Smart Turmys ұлттық платформасын құруды жоспарлап отыр. Жаңа жүйеде жылжымайтын мүлік нысандары, абоненттер, коммуналдық төлемдер, төлем тарихы және ресурстарды тұтыну туралы деректер біріктіріледі.
2026-2027 жылдары шамамен 4,76 млн интеллектуалды есептеу құралы орнатылады деп жоспарланған.
Қазір шамамен 9,3 млн есепке алу нүктесі қолмен қызмет көрсетіледі. Есептеу жүйесін автоматтандыру коммуналдық төлемдерді дәлірек есептеуге, техникалық және коммерциялық шығындарды ажыратуға және қызмет көрсету шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті
Газдандыру бағытында да жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 13,1 млн адам немесе ел халқының 64,2%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген.
2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Осы мақсатта газ тасымалдау және газ өңдеу инфрақұрылымын кеңейту көзделген. Ірі жобалардың бірі – «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу.
Үкіметтің мәліметінше, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту қолданыстағы нысандардың сенімділігін арттыруды, жаңа генерация қуаттарын іске қосуды, коммуналдық желілерді жаңартуды, газбен жабдықтауды дамыту мен есепке алу жүйелерін цифрландыруды қамтиды.