«Қызыл-Таң» тағдыры белгілі болды: Тарихи нысанның айналасында құрылыс қоршаулары пайда болды

Caravan.kz медиа порталының тілшісі нысанға барып, өз көзімен көріп қайтты. 

Жаз айының соңында ғимараттың айналасына құрылыс қоршаулары орнатылып, нысан төлқұжаты пайда болды. Ақпаратқа сәйкес, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілетіні көрсетілген. Тапсырыс беруші ретінде Алматы туризм бюросы көрсетілген. Яғни, жұмыстар тамыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Құжатта жүргізілетін жұмыстар «капитальный ремонт» деп көрсетілген. Алайда ғимараттың тарихи мәртебесін ескерсек, оның нақты қандай жұмыс түрінен өтетіні маңызды. Қазір ресми ақпаратта тарихи ғимараттың сыртқы келбеті өзгермейтіні, негізгі мақсаты оны сақтап қалу екені айтылып отыр. Яғни, халықты тек «реставрация» жүргізіледі деп сендіріп отыр. 

Ал ғимараттың кейін қандай мақсатта пайдаланылатыны әзірге нақты белгісіз. Бұған дейін «Қызыл-Таң» креативті индустриялар орталығына айналдыру туралы ақпарат тараған. Мұнда қазақстандық дизайнерлерге, отандық брендтерге және шығармашылық жобаларға орын беру жоспарланғаны айтылған еді. Алайда қазіргі таңда бұл жоспардың нақты бекітілгені туралы ақпарат жоқ.

Бір ғасырдан астам тарихы бар ғимарат

Халық арасында «Маталар үйі» аталып кеткен ғимарат өзінің ерекше сәулетімен көзге түседі. Ою-өрнекпен безендірілген ағаш элементтері, симметриялы қасбеті, қабыршақ тәрізді жабындысы бар күмбезі мен сәндік нақыштары ғимаратқа өзіндік сипат береді.

Нысанның салыну тарихына қатысты бірнеше нұсқа бар. Ұзақ уақыт бойы ғимараттың 1912 жылы белгілі сәулетші әрі инженер Андрей Зенковтың жобасымен салынғаны айтылып келді. Ғимарат кіреберісіндегі тақтада да осы дерек көрсетілген.

Алайда тарихи зерттеулерде құрылыстың алғашқы нұсқасына француз сәулетшісі Поль Гурдэнің қатысы болғаны туралы мәлімет кездеседі. Ол Верный қаласында ұзақ жыл еңбек етіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымы мен бірқатар маңызды ғимараттарының жобаларына атсалысқан.

Құрылысқа қатысты ресми құжаттардың толық сақталмауына байланысты ғимараттың нақты тарихын анықтау оңай емес. Дегенмен тапсырыс беруші мен сәулетші арасындағы сот дауы туралы деректер сақталған. Осы мәліметтерге сүйенсек, ғимараттың алғашқы нұсқасын Поль Гурдэ салған, ал кейін оны жаңарту жұмыстарына Андрей Зенков қатысқан болуы мүмкін. Бүгінде біз көріп жүрген сәндік ағаш элементтер мен күмбездің ерекше жабындысы осы кезеңдегі өзгерістердің нәтижесі ретінде қарастырылады.

Ғимарат Верный қаласының ықпалды көпестерінің бірі, татар көпесі Ысқақ Ғабдулуәлиевтің атымен де тығыз байланысты. Оның сауда фирмасы мата, галантерея, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдары және тұрмыстық тауарлар саудасымен айналысқан. Ғабдулуәлиев саудамен ғана шектелмей, қайырымдылық және ағартушылық жұмыстарға да қаржы бөлгені белгілі.

Өрттен де, бұзылу қаупінен де аман қалды

«Қызыл-Таң» ғимараты өзінің ғасырдан астам тарихында бірнеше қиын кезеңді бастан өткерді.

2009 жылдың маусымында ғимаратта ірі өрт болып, оның шатыры толығымен жанып кеткен. Қойма орналасқан қосымша бөлігі де өрттен зардап шекті. Кейін ғимараттың тарихи келбеті қалпына келтірілгенімен, өрттің іздері әлі де сақталған.

2020 жылдары әлеуметтік желілерде «Қызыл-Таң» орнына жаңа ғимарат салу үшін тарихи нысан сүрілуі мүмкін деген ақпарат тараған. Бұл қала тұрғындары мен белсенділердің наразылығын туғызды. Олар прокуратура мен қала әкімдігіне жүгінді. Кейін жүргізілген тексерістер барысында тарихи ғимаратқа қатысты нүктелік құрылыс жоспарланбағаны және оны сүрту мәселесі қаралмағаны айтылды.

Сондай-ақ, ғимарат ұзақ жылдар бойы жеке компанияның басқаруында болуы. Ақпаратқа сәйкес, нысан шамамен 20 жыл бойы «Қызыл-Таң» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында болған. Компания келісімшарт бойынша ғимаратты күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті болғанымен, бұл міндеттемелер толық орындалмағаны айтылды. Нәтижесінде нысанның инженерлік желілері тозып, ғимарат бірнеше рет өртке ұшыраған.

Ұзаққа созылған сот процесінен кейін 2023 жылы нысанды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданған. Бұған сенімгерлік басқарушы компанияның өз міндеттемелерін орындамағаны себеп болған.

Былтыр ғимарат бос қалды

Ал 2025 жылдың қарашасында «Қызыл-Таң» айналасында тағы да сұрақ көбейді. Осы кезде ғимараттағы дүкен мен басқа да кәсіп нысандары толық көшірілді. Бұған дейін халық жиі баратын маталар дүкені көршілес ғимаратқа ауыстырылды.

Сол кезде ғимараттың ішінде тек күзетші қалған. Келушілерге дүкеннің жаңа мекенжайы көрсетіліп, тарихи ғимараттың өзі іс жүзінде бос тұрған.

Осыдан кейін нысанның болашағы туралы түрлі ақпарат айтылды. Соның ішінде ғимаратты реставрациялау, оны креативті индустриялар орталығына айналдыру туралы жоспарлар да болды. Алайда нақты шешім ұзақ уақыт бойы жарияланбады.

Былтырғы материалымызда Алматы тұрғындары да осы мәселеге алаңдайтынын айтқан едік. Себебі қаладағы бірқатар тарихи ғимараттардың жоғалып кеткенін көрген тұрғындар аталмыш тарихи мұраны сақтап қалуды талап еткен. 

Оқи отырыңыз: Тұрғындар ғимараттың тағдырына алаңдаулы: Алматының тарихи мұрасы "Қызыл-Таң" кімнің қолына өтті?

Енді ғимараттың айналасында құрылыс қоршаулары пайда болды

Арада біршама уақыт өткен соң тарихи нысанның айналасында өзгеріс пайда болды. Қазір «Қызыл-Таң» маңына металл қоршаулар орнатылып, құрылыс жұмыстары басталғанын көрсететін ақпараттық материалдар пайда болды. Ғимараттың жанында нысан төлқұжаты да орналастырылған.

Құжаттағы мәліметке сәйкес, тапсырыс беруші - Алматы туризм бюросы. Жұмыстардың мерзімі тамыздан желтоқсанға дейін деп көрсетілген. Бұған дейінгі жоспарларда да нысанды реставрациялау кезінде оның тарихи сәулетін өзгеріссіз қалдыру көзделген болатын. Сондықтан қазір қала тұрғындарын ғимараттың кейінгі тағдырымен қатар, реставрация жұмыстарының қалай жүргізілетіні де алаңдатады.

Себебі «Қызыл-Таң» - Алматының жүз жылдан астам тарихын сақтап тұрған ғимараттардың бірі. Оның құндылығы тек сәулетінде емес, қала тарихымен, сауда мәдениетімен және Верный кезеңімен байланысты тарихи жадында жатыр. Сондықтан, бұл тарихи ғимараттың ертеңгі тағдыры не болатынын уақыт көрсетеді. Ал Caravan.kz медиа порталының тілшісі алдағы уақытта жөндеу жұмыстарының барысымен бөлісіп отыратын болады.