Қызылорда облысында үй ауласындағы жылыжайда сора өсірген тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz.- ке сілтеме жасап.
Қызылорда облысында осы жылдың 3 айында 45 есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде өсіру бойынша бір факт, өткізу бойынша – 7, аса ірі көлемде сақтау – 1 , жарнамалау бойынша бір дерек болған. Заңсыз айналымнан 2 келіге жуық есірткі заты алынған, оның ішінде 24,812 грамм синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Есепті мерзімде есірткі қылмысын жасағаны үшін барлығы 154 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында үй ауласындағы жылыжайда сора өсіріп, марихуана өндірген қала тұрғыны құрықталды. Фитозертхана анықталып, тінту барысында 214 түп сора өсімдігі мен 5 келіден аса марихуана және гашиш есірткі заты дәлелдеме ретінде алынды.
Есірткінің синтетикалық түрін анықтау мақсатында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде меф және a-PVP синтетикасын аса ірі мөлшерде тасымалдаудың екі дерегі анықталып, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары құрықталды.
Сонымен қатар, адам ұрлау және бопсалау деректері де анықталып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру әрекеттері жүргзілуде. Облыс орталығында полицияның кешенді күштерімен күнделікті нарядтарда көпқабатты үй аулалары, гараждар мен құрылыс аумақтары арасында тексеру жұмыстары үнемі жүргізіліп, жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы шолу жұмыстары жүргізіліп, есірткі жарнамалаудың бір дерегі анықталды.