Лаңкестердің қиратып-бүлдіруге бағытталған қитұрқы әрекеттерін саяси деңгейде заң шеңберінен шығару қажет- Н.Назарбаев

Елбасының айтуынша, "Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің министрлерінің бас қосуы халықаралық ахуал мейлінше ушыға түскен сәтте өтіп отыр". "Жалпы мемлекетаралық қарым-қатынастар жүйесі мен дүниежүзілік негізгі құрылымдық принциптер үлкен сынақ аясына ілікті. Барған сайын арта түскен лаңкестік қаупі, қылмыстық синдикаттардың әрекеттері, экологиялық ахуалдың нашарлауы, кедейлік қамыты мен түрлі індеттер еліміз халықтарының арқасына ауыртпалық үстіне ауырпалық болып жамалуда",- деді Қазақстан президенті.

Н.Назарбаевтың пайымдауынша, "осынау қауіптердің қарқыны мен ауқымы халықаралық қауымдастық тарапынан ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған күш-жігердің тиімділігі төңірегінде ой толғауға мәжбүр етеді". "Бұл күш-жігер бірінші кезекте айрықша өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталуы тиіс",- деді президент.