Лаңкестікке қарсы күрестің бір маңызды бағыты - ТМД елдерінің ақшаны ақтаумен күрес саласындағы ынтымақтастығы болмақ - Л.Кучма

Украина мемлекет басшысының пікірінше, "бүгінде адамзат дүниесінің алдында тұрған ең өзекті тапсырма - лаңкестіктің өзімен күрес емес, оның пайда болуына түрткі болатын қоректік ортаны айқындау және оны түп-тамырымен жою болмақ". Л.Кучманың айтуынша, "дәл осындай "арамдықпен табылған ақша" лаңкестікті қоректендіріп отыр".

Заңсыз тапқан кірісті легализациялаумен күрес мәселесі халықаралық лаңкестікке қарсы күрес аясында бірқатар халықаралық ұйымдардың назарына ілігіп отыр, деді ол. "Бұл ретте бірінші орында ҒАТҒ тұр. Бұл ұйым осы бағытта арнаулы құжаттар қабылдады",- деді Украина президенті. Оның айтуынша, ТМД аясында "ақшаны ақтауға" және лаңкестікті қаржыландыруға байланысты қаржылық операциялардың алдын алу, оған жол бермеу және әшкерелеу үшін өзара ақпарат алмасу; ТМД елдеріндегі заңнамалық базаны ҒАТҒ талабына сәйкес өзара үйлестіру және ұлттық заңнамалар аясында тиісінше өзара үйлесімді шараларды жүзеге асыру, атап айтсақ, ТМД елдерінің қаржылық барлау ұйымы бөлімшелерінің арасында ықпалдастықты жолға қою тәрізді ынтымақтастық түрлерін дамытуға болады.
Л.Кучманың пікірінше, мұндай ынтымақтастыққа ТМД аясындағы қылмыстық кірісті легализациялауға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі келісім құқықтық негіз болуы тиіс. Бұл құжаттың жобасы 1999-жылы жасала бастаған. "Қазіргі ахуал жоғарыдағы жұмысты жуық арада аяқтап шығу үшін құжатқа басымдық беру қажеттігін көрсетіп отыр",- деді Л.Кучма.