Латын әліпбиі: ұлттық комиссия бірнеше нұсқаны қарап шықты

Үкімет жанындағы ұлттық комиссияның өкілдері латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасын қарап шықты. Ал орфографиялық жұмыс тобы өз ескертуін жасады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген комиссия мүшесі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов әрбір нұсқаны жеке-жеке таныстырды.

1. "Bailatyn" жобасы. Онда классикалық латын әліпбиінің 26 әрпі толық қамтылған. Алайда қазақ тіліндегі барлық дыбысқа таңба берілмеген. Мәселен, "а" мен "ә" дыбысына ортақ бір "а" таңбасы енгізілген, "ү" мен "і" де солай. Ал "ө"-ні мүлдем алып тастаған.  

"Мысалы, "сан" деген сөзді жазғанда "сән" емес екенін қосымша режиммен түсіндіру керек. Ал "ә"-мен келетін сөздер көп қой. Жобада "о" таңбасы беріледі, бірақ "ө" жоқ. Сосын "ү" мен "і" мүлдем жоқ. Олардың бәрін ереже арқылы түсіндіреміз дейді. Ал ондай мыңдаған сөз бар ғой", - деді Тілешов.

Оның айтуынша, латын графикасының барынша ықшам әрі оңай нұсқасын жасауға тапсырма берілді. Ал ереже көп болса, жазу керісінше қиындап кетеді.

2. "Kazak Grammar" жобасы. Бұл нұсқаның тиімді бір тұсы – диграфтың жоқтығы. Авторлар умлаутты пайдаланған. Кемшілігі: "г" мен "ғ" дыбысына бір таңба. Сол сияқты "к" мен "қ" дыбысы тек "к"-мен ғана берілген.

"Сонда ертең түріктердегі сияқты "қ" дыбысы жойылып кетпей ме? Барлығы "ақ" деген сөзді "ак", "Ақсуды" "Аксу" деп айтса, таңбамызды жоғалтып аламыз ғой", - деп түсіндірді Тілешов.   

Бұдан бөлек, осы жобада әріптер ағылшын әліпбиінің тәртібімен орналастырған. Ал қазақ тілінің төл таңбалары аяқ жағында берілген. Кеңес мүшелері бұны тілге деген немкеттілік деп санайды.

3. Қуантқан Вановтың әліпби жобасы. Маңғыстаулық математик өз нұсқасында математикалық таңбаларды пайдаланған. Оның әліпбиінде 33 әріп бар.

"Бұл кісі ноқат қоймау үшін немесе төменгі жағын сызбау үшін таза математикалық-геометриялық таңбалармен шыққысы келген. Идея дұрыс. Бірақ мәтін жазғанда сөздері түсініксіз болып кетеді. Оған үйрену де оңай емес", - дейді Тілешов.

4. Ескендір Тасболатовтың жобасы. Автор өз әліпбиіне "ц" әрпін енгізген. Бірақ "ғ", "ң", "ш" мен "ч"-ға диграф берген. Сосын "и" мен "і-ні" тағы ортақ таңбамен көрсетіпті.

"Адамдар тағы шатасады ғой. Ол "интернет" пе? "Інтернет" пе? "Діректор" ма? "Директор" ма? Оған тағы қаптаған ереже болады. Ал "і" дыбысы жиі кездеседі. Өйтені тәуелдік септігінің бәрінде осы дыбыс тұрады. Кімнің? Ненің? "Менің", "сенің", осы сөздерді күнде айтамыз ғой. Ертең "мениң", "сениң" деп тағы шатасамыз", - дейді Тілешов.

5. Манас Сапарбаевтың жобасы. Негізгі кемшілігі: 8 диграф. Онымен мәтінді конвертер арқылы өткізгенде техникалық ақаулықтар шығады. Ал, ең бастысы, түркі халықтарында "бір дыбыс – бір таңба" қағидаты сақталмай отыр.

Комиссия мүшесі Ербол Тілешовтың айтуынша, бүгінде түркі халықтарының ішінде тек қарақалпақ пен қазақтың латын графикасында ғана диграф бар. Одан құтылу қажет. Қазіргі кезде қарақалпақтар да диграфтың ыңғайсыздық туғызатынын ашық айтып отыр.

6. Нұрлан Түлтебаевтың әліпби нұсқасы. Жобада 35 таңба бар, "х" дыбысына бөлек таңба берілген. Автор сирек таңбаларды да ұсынады. Бұдан бөлек, "и" мен "у" әрпін таратып жазу қажет дейді.

Комиссия мүшелері "и" мен "у" әрпін таратып жазуға қатысты мәселенің көптен бері көтеріліп келе жатқанын айтады. Осы уақытқа дейін біраз мақала да жазылды.

"Негізгі мәселе мынада, "и" мен "у"-ды ашып жазамыз ба, жоқ па? Мысалы, қазір біз "су" деген сөзді екі таңбамен жазып жүрміз. Ғалымдар екі дыбыстың ортасында естіліп тұрған "ұ" әрпін де жазуымыз керек дейді. Сонда "сұу" болады. Олай болса, екі әрпің үш әріп болады, яғни, біз тағы шұбалыңқылыққа жол береміз", - дейді Тілешов.

Ғалымның айтуынша, "и" мен "у" әрпін таратып жазбасақ та, естіліп тұрған дыбыстар жоғалмайды. Ал таратып жазу мәселесін орфоэпиялық сөздікте де көрсетуге болады.  


7. Студент Абзал Дәуренбекұлының жобасы. Автор өз әліпбиінде диграфпен қатар триграф та қолданған. Сосын "у" дыбысына латынның "w" таңбасын берген.

Ербол Тілешов "у" дыбысына "w" таңбасын беруге қатысты мәселенің көптен бері көтеріліп жатқанын жеткізді. Бірақ халықтың көзі оған үйренбеген. Мәселен, "университет" сөзі "wniversitet" деп жазылады.    

"Негізі, "у"-дың  өзінің халықаралық дыбысы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбиді жетілдіру керек деп айтты ғой. Сол жетілдірудің бірі "у" дыбысына қатысты. Қазір "u" таңбасын "ұ"-ға  беріп жүрміз ғой. Оны өзінің "у"-на қайтару керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – халықаралық тәртіп", - деп атап көрсетті Тілешов.

Сондай-ақ, Абзал Дәуребекұлы "ц", "ю", "щ" сияқты әріптерді де енгізіп, кирилл әліпбиін латын графикасында қайталап беру керек деп ойлайды.

Бұдан бөлек, ұлттық комиссияда Жандос Темірғали, Жанат Аймағамбетов және тағы бірнеше автордың нұсқасы қаралған болатын. Барлығына тіл мамандарының қорытындысы берілді.

"Бір таңба – бір дыбыс" керек

Комиссия мүшелері осы уақытқа дейін ұсынылған жобалардың артықшылығы бар екенін де айтып отыр. Соның бәрі қорытындыға енгізілді. Мәселен, "Bailatyn-да" орфоэпия заңдылығын транскрипция арқылы оқытуға болатыны көрсетілген. Диакритикалық таңбалар қолданылмаған. Бұл – оның артықшылығы. 

"Сол сияқты Қуантқан Вановтың әліпбиі халықаралық фонетикалық таңбаға сай келеді, диакритикалық таңбалар жоқ. Ол да жақсы ерекшелік. Бұдан бөлек, авторлар седильді пайдаланып, "ш"-ны "ç" деп белгілеген, ол да тиімді ұсыныс. Қазіргі түрікмен, түрік, өзбек мен әзербайжан әліпбиінде седильді қолданады", - дейді Тілешов.

Оның сөзіне қарағанда, жобаларды ұсыну жағынан нақты бір дедлайн жоқ. Президенттің тапсырмасынан кейін тіл комитетінде 20-дан астам жоба түскен. Бірақ қазіргі кезде ұсыныстардың легі саябырсыды.

 

"Әліпбиге қатысты басты талап – қазақтың әр дыбысына жеке таңба беру. Біз жаңа әліпбиге көшеміз деп, дыбыстарымызды шашып-төгіп алмауымыз қажет. Біз диграфтан да қашып отырмыз. Себебі "бір таңба – бір дыбыс" принципі сақталуы шарт. Әрине, умлаут, седиль, акут сияқты диакритикалық белгілерді алған аса тиімді емес. Таза латынның әліпбиімен шыққан жақсы. Бірақ қазақ тілінің төл дыбыстарын 26 таңбамен беріп шығу мүмкін емес", - деп атап көрсетті ғалым.

Осы орайда тіл маманы президенттің латын графикасын жетілдіруге қатысты тапсырмасын да түсіндірді. Оның ойынша, қазіргі нұсқаның кейбір кемшін тұстарын түзетсе, біраз мәселе шешіледі.  

"Президент Тоқаев ең алдымен қазіргі "акут әліпбиін" жетілдіру керек деді. Иә, кейбір таңбаларды өзгерткен дұрыс. Ол, әсіресе, диграфқа байланысты. Сосын "и" мен "і"-ге ортақ "i" таңбасын беруге қатысты мәселе бар. Біреуі түртілсе, екіншісі түртілмейді. Содан конвертер қазіргі әліпбидің 0,01 пайызын оқымай тұр. Негізі, ол 100 пайызға оқылуы қажет. Осыны түзететін болсақ, конвертер оқиды. Оған елдің көзі де үйреніп келеді", - дейді Тілешов.