​Латын әліпбиіне көшу акциясы басталды

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық жобасы бойынша аудандық ОКЖ, ауылдық, облыстық кітапханаларда кешенді іс-шаралар жүзеге асыру жоспарланған.

Осыған орай бүгін облыстық «Отырар» кітапханасында бақылау жазу акциясы басталды. Акцияға студенттер, мұғалімдер, ардагер жазушылар қатысты. Бір өкініштісі, билікте отырған басшылар бой көрсетпеді.

«Біз бұл акцияны елбасы Н.Назарбевтың жолдауындағы «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасы бойынша бастадық. Акцияға облыс бойынша 428 кітапхана қатысады, әр кітапханадан 10 адамнан қатысқанда 4280 адамды қамтимыз деп отырмыз. Бұл акцияның тақырыбы – «Ұлттық мұра». Акцияға қатысушылардың жасы шектеусіз. Кейбір кісілер қуанып, қатысуға өздері өтініш білдіріп жатыр», - дейді кітапхананың ғылыми хатшысы, ф.ғ.к.д. Зылиқа Жантасова.

«Біз алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, 1935 жылдары латын әліпбиімен оқыдық. Әкемнің, ағамның кітаптарынан 5 жасымда-ақ үйреніп алдым. Сол әліпбимен 1935-1940 жылдар арасында оқыдық. 1940 жылы 1-қаңтарда бірден кириллицаға ауыстырды. Мұғалім келіп 29 әріптің орнына 42 әріпті тақтаға жазып қойды. Оған оңай көштік, өзіміз оқып жүрген орыс кириллицасы. Бірақ қазіргі нұсқасында кейбір әріптердің төбесіне нүкте қойғаны ұнамайды. Бүгінгі бақылауға өз еркіммен, қуана келдім», - дейді ең үлкен қатысушы, 91 жасқа келген тарихшы, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш сыйлығының» иегері Еркінбек Тұрысов.


                                                                                                                                       Ақпарат көзі: ernur.kz