"Латын әліпбиіне көшу асқан қиындықтар тудырмайды": отандық ғалымдар латын әліпбиімен қазақтар үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерді атады

Латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылданғанымен, қазақстандықтардың тіл реформасына қатысты ойы көпке дейін бір ауыздан шыға қоймады. 2018 жылы Назарбаев латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекіткенге дейін халық қазақ тіліндегі шығыс, сәуле, сәбіз сынды сөздердің латын әліпбиіне аударылған нұсқасын қатаң сынның астына алынған еді. Әйтсе де, "Көш жүре түзеледі" дегендей, латын графикасының келешегі зор екенін ұғынған жұрт бүгінгі күні жаңа әліпбиді белсенді үйреніп келеді. 

Қазақстандықтарға латын әліпбиін меңгеруге көмектесетін IT жобалардың бірі — Qazlatyn.kz ұлттық порталы. Порталға кіріп, латын әліпбиіне көшу барысы жайында барлық деректермен танысуға болады. 

"Порталға кіріп кирилл әліпбиіндегі сөздердің латынша қалай жазылатынын көріп, дыбысталуын тыңдауға болады. Сайттың басты бетіндегі "Конвертер" айдарына  кірсеңіз, электронды мәтінді кириллицидан латын графикасына және төте жазуға, сондай-ақ керісінше аудара аласыз.  Ол үшін электронды 50  дайын мәтінді аударуға саласыз немесе  сол веб парақшада теріп, дайындайсыз. Содан кейін сәйкестендіру деген пернені басасыз", — дейді  комитеттегі қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы. Сонымен қатар, оның айтуы бойынша, сайттан конвертерді ұялы телефонға , компьютерге жүктеп алып, интернеттің көмегінсіз-ақ пайдалана беруге болады. Конвертер 50 беттік мәліметті 1 секундтың ішінде аударады. 

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовтың айтуы бойынша, тоқсан жылдың ішінде 4 әліпби ауыстырған елде жаңа тілдік реформа Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан сынды мемлекеттермен салыстырғанда асқан қиындықпен жүзеге аспайды. Сонымен қатар,  ол дүние жүзіндегі 7 миллиард 700 мың адамның 36 пайызы латын әліпбиін қолданатынын ескеріп, заман көшінен қалмау керектігін айтты. 


"Инновацияның, жаңа технологияның 70 пайызы латын негізді әріптерде жазылады. Инновация мен ғылымда кирилл әліпбиінде жазылған ақпарат 0.3 пайыз ғана. Кирилл әліпбиі латын әліпбиіне қарағанда 250 есе бәсекеге қабілетсіз. Барлық халықаралық ұйымдар латын әліпбиінде жұмыс істейді, — дейді маман. 

Филолог ғылымдарының кандидаты Тілешовтың сөзінше, латын әліпбиін толығымен үйреніп алсақ, шетелдегі бауырларымызбен, нақтырақ айтқанда әлемнің 45 елінде 4,5 миллиондай қазақпен ортақ қарым-қатынас құралы пайда болады.