Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Осы аталған бағдарлама аясында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрібаев Берекет Бақытжанұлымен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.

- Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2025 жылы толықтай латын әліпбиіне ауысуды тапсырғаны баршамызға мәлім. Сіздің ойыңызша сол уақытта толықтай көше аламыз ба?

- Қазіргі кезеңде латын әліпбиіне ауысу жөнінде мәселе - біздің қоғамда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Өзіңіз айтқандай, латын әліпбиіне ауысу - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық жоспарындағы өте маңызды қойылған тапсырмалардың бірі. Алғаш бұл тапсырма жарияланғанда, әрине, баспасөзде бірталай түсініспеушіліктер, дау-дамайлар туғызғанын білеміз. Дегенмен де, дау-дамай латын әліпбиіне қалай көшетіндігіміз жөнінде болды. Негізгі талас пікірлер, әсіресе, тілшілердің, филологтардың арасында туындады. Біздің қазақ әліпбиінде өзіне тән дыбыстарды қалай беру керектігі жөнінде талқылау жүргізілді. Дыбыс бір таңбамен ба, әлде, екі таңбамен белгіленуі керек пе деген сұрақ төңірегінде қарама-қайшылықты пікірлер айтылды. Бұл көпшілік мамандардың талқылауынан кейін, бір жүйеге келді. Яғни, қазақтың тарихында дыбыс бір таңбамен таңбаланған екен. Сонау көне түркі дәуіріндегі алфавитте, араб алфавитін де қолдандық. Онда да әр дыбыс жеке бір таңбамен берілген. Осы принцип негізге алыну керек. Ал, қазіргі кезде латын алфавитінің екі түрі пайда болды. Бірінде - бір дыбыс екі таңбамен, екіншісінде - бір дыбыс бір таңбамен. Бұл дау мәселесі шешіліп жатыр. Менің ойымша, ендігі жерде тіл институтының мамандары арасында жекелеген ұсақ-түйек шаруалар қалған сияқты. Алфавит жүйесі дайын болып қалды.

Тағы бір қарастыратын мәселе бар. Біз тілімізді компьютер тіліне ықшамдаймыз деп, кейбір әріптерімізден айырылып қаламыз ба? Тілімізді компьютердің ыңғайына көндіреміз бе немесе компьютер қазақ тіліне қарай икемделе ме, деген мәселеге тоқталу керек. Кез-келген жағдайда компьютер қазақ тіліне бағыну керек, қазақ тіліне тәуелді болу керек. Бұл әрине оңай емес. Бірақ оны жасауға болады. Өйткені дүниежүзінде қаншама халықтар бар. Солардың тілдерінде, грузин, қытай, араб, жапондар да, барлық ел өз тілдеріне компьютерді бағындырған. Яғни, компьютер тілі сол елдердің тілдеріне жұмыс істейді. Міне, бұл біздің ең басты жетістігіміз болады.

Елбасымыз айтқандай, латын әліпбиіне көшудің көптеген ұтымды жақтары бар. Біз неғұрлым уақыт өтіп кешіккен сайын, біз көп нәрседен қалып бара жатқан сияқтымыз. Латын әліпбине біздің түркі тілдес халықтардың көпшілігі көшіп кеткен, оны өзіңіз де жақсы білесіз. Мысалға, түріктер, өзбектер, азербайжан, түркмендер көшіп кеткен. Дегенмен, олар белгілі бір дәрежеде асығыстық жасады. Ал, бізге олай асығудың қажеті жоқ. Оңды-солымызды қарап, нені жоғалтамыз, нені ұтамыз деп бәрін қарастырып жатырмыз. Түбінде біз латын әліпбиіне көшеміз. 2025 жыл деп отырмыз. Мүмкін одан ілгері болар, не одан кейін болар түбінде латынға көшетініміз анық.

Ал, сол кезде біздегі қазақ мектептері мен орыс мектептері осы жерде үлкен кедергі тудырады. Тіпті, қазақ оқушылар орыс мектебінде оқиды. Ол жайы қалай болады? Осының барлығы келешекте бірте-бірте шешілетін дүние деп ойлаймын. Яғни, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының болашағы үшін өте қажет нәрсе. Оған міндетті түрде көшу керек.


- Латын әліпбиіне көшу жайлы сөз қозғалғанда екі жақты пікір туады. Сіз соның қай тарапындасыз?

- Латынға көшу қажет. Қолдаймын әрине. Ол өмір талабы. Егер біз әлемдік дамудың легінде жүретін болсақ, латынға көшуіміз керек. Бір жағынан түркі халықтарымен ортақ тіл табыса аламыз. Екіншіден, жасыратыны жоқ дүниежүзінде ағылшын тілі жетекші болып тұр. Сол үшін де латын әліпбиі бізге бір табан жеңілдеу болады.

Енді мынадай қауіп бар. 40-шы жылдардан бергі барлық рухани байлығымыз қалай болады деген. Оны қазір сандық заман кезінде ешқандай қиындық болмайды. Тек өтпелі кезең сәл ауырлау болады. Қай заманда да өтпелі кезең ешкімге жеңіл тимеген. Біз де ол кезеңнен өтеміз. Тек елге ауырлық тимес үшін, дағдарысқа түспес үшін, тілші мамандарымыз көрші Өзбекстан латынға қалай өтті және олардың қазіргі жағдайы қалай? Әзербайжан қалай өтті, деген бақылау, пысықтау, зерттеу жүргізу керек деп ойлаймын. Міндетті түрде қиыншылықтар болады. Сол қиыншылықтың салмағы қандай болады. Өте ауыр бола ма, жеңіл бола ма соны қарау керек. Бұл – тілшілер мен филологтардың міндеті.

- «Латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге айтарыңыз?

- Бай мұрамызға сандық заман кезінде ешқандай қиындық туғызбайды. Алаңдаушылық таныту керек емес. Оның бәрі бір күнде емес, мектептен бастап барлығы ауысып кетеді. Алғашқы кезде, қатар жүруі мүмкін.

Қазірдің өзінде байқаймын, біздің жастар әлеуметтік желіде, ватсапта да хат жазған кезде латын әліпбиімен жазып жатады. Еш қиындықсыз оқи саламыз. Ағылшын алфавитімен қазақша жаза береді. Оны бәріміз көріп, байқап жүрміз. Ешқандай қиындық туып жатқан жоқ.

Латын әліпбиіне көшу – ол бүкіләлемдік дамудың сапында, қатарында жүру дегенді білдіреді. Айтып өткенімдей, түркі тілдес халықтардың басым көпшілігі өтіп кетті. Бізде тек жібермей тұрған саяси жағдай. Мәселенің саяси астары ғана кедергі келтіріп тұрған сияқты. Саяси астар болмаса, әлдеқашн көшіп, газет-журналдарымыз да барлығы латын әліпбиіне өткен болар еді. Тек саяси жағы ғана қолбайлау болып тұрған сияқты. Бірақ ол да шешіледі. Түбінде біз латын әліпбиіне көшеміз.

- Берекет ағай! Көп рахмет! Еңбегіңізге шығармашылық табыс тілеймін!