Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан зардап шеккен екі кенші Қарағанды ауруханасына жіберіледі

"Кеше Шахтинск қалалық ауруханасының реанимация бөліміне жеткізілген екі кеншінің жағдайы ауыр болуға байланысты бүгін Қарағандыға жіберілмек",- деп хабарлайды орталықтағылар.

Зардап шеккен бес адамның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Облыстық төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының ақпаратына сәйкес, бүгін 9 сағат 30 минуттағы жағдаймен 41 кеншінің мәйіті табылды. "Қазір мәйіттерді шығару жұмыстары жалғасуда",- деп хабарлайды басқарма.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше сәрсенбі күні 8 сағат 56 минутта "Миттал Стил Теміртау" АҚ-ына қарасты Ленин атындағы шахтаның қазба бөлімінде метан жарылып, оның арты өртке ұласты. Жарылыс болған сәтте шахтада 368 адам болған.

Прокуратура ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің "тау-кен жұмыстары кезінде нысандарда қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адамдарды өлімге душар ету" жөніндегі 245-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғады.

"Миттал Стил Теміртау" АҚ көмір департаментінің кәсіподақ ұйымы қаза тапқан кеншілердің отбасылары 1,5 млн. теңгеден өтемақы алады деп сендіруде.

Шахтадағы жарылыс дерегі бойынша апаттың себептерін анықтау және оның залал-зардаптарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына еліміздің төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов, энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов, сондай-ақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, денсаулық сақтау министрлігінің, Қарағанды облыстық әкімшілігінің, кеншілердің кәсіподақ ұйымдарының, "МитталСтилТеміртау" компаниясының өкілдері мен ғалым-сарапшылар енді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті