Таяу Шығыстың тынышталған кезі болған жоқ. Қашан көрсең де атылған зымыран, жарылған бомба, қираған үй, қырылған халық, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Ливан өз тарихындағы ең қиын күндерді бастан кешіп жатыр" депті елдің Премьер министрі Нәджиб Микати.
Шынын айтып тұр. Ливан толық үйіндіге айналып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр... Израиль бомбалап жатыр, АҚШ флоты іргеде тұр - жағдай адам аяғандай шынымен.
Бүгінгі күні Таяу Шығыстағы жағдай әлі де күрделі. Израиль мен "Хезболла" арасындағы қарулы қақтығыс Ливанның кейбір аудандарын қамтым отыр. АҚШ пен Израиль тарапынан дипломатиялық шешімдер іздестіріліп, 60 күндік уақытша бейбіт келісім жасасу ұсынылғанымен, бұл мәселе бойынша шешім әлі қабылданған жоқ. Израиль Ливанда шабуылдарын жалғастырып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр.
Таяу Шығыста шиеленіс басталып, мылтық дауысы естіле салысымен-ақ, азаматтарының жағдайын ойлайтын мемлекеттің басшысы ретінде Тоқаев Ливанда жүрген көк паспортты азаматтарды дереу елге жеткізуді тапсырған.
17 қазаннан басталған бұл жұмыс айдың аяғына дейін жалғасты. Сүйтіп беймаза Бейруттан 41 қазақстандық елге аман оралды. Дипломаттар азаматтарды Стамбул, Дубай қалалары арқылы ұшырып, Алматы мен Астанаға жетулерін қамтамасыз етті. Қайтуға тілек білдірген көк паспорт иелері дін аман Отанға оралды.
"Дегенмен, мемлекеттің эвакуациялау туралы шешіміне құлақ аспайтын, ести тұра мазасы қашқан аймақта қала беруді жөн көретін азаматтар да болады екен. Күштеп ап кете алмайсың ондайларды - әркімнің таңдауы ғой енді. Бірер күнде Бейрутта бұрынғыдан да алапат жарылыстар басталды. Берекеті кеткен ел-дағы", - деп пікір білдірді Алмас Алтай.