Ливияның Жоғарғы әділет кеңесі болгарлық медиктерге шығарылған өлім жазасын өмір бойы қамауда отыруға ауыстырды

Мәлім болғанындай, мұндай шешім індет жұқтырған балалардың отбасылары медиктерге қатысты өлім жазасын алып тастау туралы өтініш жазуға байланысты қабылданған. Ол үшін індет жұқтырғандардың әрбір отбасына 1 млн доллар көлемінде өтемақы төленген.

Болгариялық мейірбикелер Ливиядан өз отандарына депортациялануы мүмкін.

Еске сала кетейік, Бенгази қаласындағы ауруханада емделген 426 бала 1998-жылы қан ауыстыру кезінде ВИЧ індетін жұқтырған болатын. Содан бері індет жұқтырған 56 бала қайтыс болды.

Медиктер 1999-жылы тұтқындалып, 2004-жылы оларға өлім жазасын тағайындау туралы үкім шығарылды. Содан бері бұл үкімге қарсы бірнеше мәрте шағым берілген. Ал Ливияның Жоғарғы әділет кеңесінің шешімі ақырғы шешім болып табылады, оған қарсы шағымдану мүмкін емес.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті