Ломбардтағы пайызды азайтудың 6 тиімді жолы

Қандай стратегияларды қолдануға болатынын Caravan.kz медиа порталының тілшісі саралап көрді.

№1. Пайызды негізгі мерзімде төлеу

Әдетте ломбардтағы микрокредитті өтеу мерзімі екі кезеңге бөлінеді. Мысалы, негізгі мерзім — 45 күн, ал кепілдегі мүлікті кепілдендірілген сақтау мерзімі тағы 30 күн болуы мүмкін.

Негізгі мерзімде күн сайынғы пайыз 0,3%-ды құраса, кепілдендірілген сақтау кезеңінде оған 0,25% өсімпұл қосылады. Бір қарағанда, бұл аз сома сияқты көрінгенімен, жалпы төлем көлемі айтарлықтай артып кетуі мүмкін.

Сондықтан мүмкіндігінше негізгі мерзім аяқталғанға дейін пайызды төлеп, қарызды реттеген тиімді. Осыдан кейін жаңа негізгі мерзім басталып, өсімпұл есептелмейді.

№2. Қарызды ішінара өтеу

Ломбард алдындағы қарызды бірден толық өтеу міндетті емес. Оны бөліп төлеуге болады. Бұл негізгі қарыз сомасын азайтып қана қоймай, күн сайын есептелетін пайыз көлемін де төмендетеді.

Мұндай тәсіл әсіресе қымбат әшекей бұйым кепілге қойылған жағдайда ыңғайлы. Бірнеше ай ақша жинап, қарызды бірден жабудың орнына, ай сайын белгілі бір соманы төлеп, қарыз бен пайызды біртіндеп азайтуға болады.

№3. Бір әшекей — бір кепіл билеті

Егер бірнеше алтын бұйым бір кепіл билетімен рәсімделсе, кейін клиенттің қарызды қай бұйым үшін өтеу керектігін таңдау мүмкіндігі болмауы мүмкін. Түскен ақша барлық бұйымға бөлініп есептеледі.

Мысалы, бір кепіл билетіне екі әшекей рәсімделді делік. Клиент 25 мың теңге ішінара төлем жасаса, бұл сома екі бұйымға бөлініп, әрқайсысына шамамен 12,5 мың теңгеден есептеледі.

Сондықтан бірнеше әшекей бұйымды кепілге қойған кезде әрқайсысын жеке кепіл билетімен рәсімдеу тиімді болуы мүмкін. Бұл кейін қажет болған жағдайда нақты бір бұйым бойынша қарызды өтеуге мүмкіндік береді.

№4. Кепілді уақытша қайтарып алу

Кейбір жағдайларда кепілдегі бұйымды уақытша толық сатып алып, кейін қайтадан ломбардқа өткізу тиімді болуы мүмкін.

Мұндай тәсіл клиент жақын уақытта қарызды толық жаба алмайтынын, бірақ қолында уақытша пайдалануға болатын белгілі бір соманың барын нақты білген жағдайда қолданылуы мүмкін.

Дұрыс есеп жүргізілген жағдайда бұл пайыз бойынша едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.

№5. Қымбат бұйымның орнына арзанырақ бұйымды кепілге қою

Пайызды азайтудың тағы бір жолы — қымбат әшекейді толықтай кепілден шығару.

Мысалы, клиентте қымбат әрі арзан екі алтын бұйым бар. Арзанырақ бұйымды ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшаға қажетті соманы қосып, қымбат әшекейді толық сатып алуға болады.

Нәтижесінде клиенттің қолында құндырақ бұйым қалады, ал ломбардта тұрған бұйымның бағасы төмен болғандықтан, күнделікті есептелетін пайыз да азаяды.

№6. Алтын бағасының өсуін пайдалану

Ломбардтар алтынның бір грамының құнын нарықтағы жағдайға қарай өзгертіп отырады. Егер халықаралық нарықта алтын қымбаттаса, Қазақстандағы ломбардтардағы оның бағасы да өсуі мүмкін.

Мұндай жағдайда кепілдегі әшекей бұйымдарға қайта бағалау жүргізуді сұрауға болады. Бағаның өсуі нәтижесінде кепілдегі бұйымдардың жалпы бағасы артып, олардың бір бөлігін кепілден шығаруға мүмкіндік тууы ықтимал.

Бұл күнделікті пайыз мөлшеріне үлкен әсер етпеуі мүмкін, алайда бір немесе бірнеше алтын бұйымды ломбардтан қайтарып алуға мүмкіндік береді. Ал кепілде қалған бұйымдардың бағасы нарықтағы қазіргі жағдайға сәйкес қайта есептеледі.