ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: Ел намысын қорғайтын 8 зілтеміршіміздің де жүлделі орыннан көрінуге мүмкіншіліктері бар

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы Қазақ елі барынша зор үміт артып отырған зілтеміршілеріміз жайында мәліметтерді оқырман назарына ұсынбақпыз.

Алдымен ауыр атлетика тарихына бір шолу жасасақ. Ауыр атлетика спорт түрі ретінде шамамен 1860 жылдардан бастап қалыптасты. Міне осы кезеңдерде Еуропада, АҚШ-та, Канада мен Австралияда алғашқы атлетикалық үйірмелер мен клубтар пайда болды. Бастапқыда сайыс ережесінде бірізділік болған жоқ. Бұл өз кезегінде ұйымдастырылған турнирлердің нәтижелерін бағалауда қиындықтар тудырды. Дегенмен де 1896 жылдың жазында ауыр атлетика спорты Афиныда өткен 1-ші Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді. Бірақта осыған дейін Роттердамда 1-ші Еуропа чемпионаты өтіп, оған Голландия, Австрия, Дания, Франция, Германия зілтеміршілері қатысты. Аталған сайыста салмақ санаты болмағандықтан абсолютті чемпион ғана анықталды. Ауыр атлетикадан 1-ші әлем чемпионаты 1898 жылы Венада өтті.1913 жылы ауыр атлетикадан бірінші халықаралық конгресс өтіп, онда Бүкіләлемдік ауыр атлетика одағы, ал 1920 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы құрылды.

Ал Қазақстанда бұл спорт түрі 1935 жылдан бері дами бастап, республиканың бірінші чемпионаты 1937 жылы ұйымдастырылды. 1965 жылдан бастап еліміздің зілтеміршілері үнемі әлемдік рекордтарды жаңартып, ірі жарыстарда топ жарып келеді. Мәселен, С.Ульянов екі мәрте КСРО чемпионы атанып, бірнеше мәрте әлем рекордын жаңартты. Сондай-ақ А.Колодков, П.Ким, В.Дрекслер, А.Храпатый, С.Филимонов, Ю.Зайцев, В.Мазин, С.Копытовтар әлемдік рекордты жаңартумен қатар, олардың арасында тіпті Олимпиада ойындарында топ жарғандар бар.

Жалпы қазіргі күнде Қазақстан бұл спорттың түрінен әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. Қазіргі таңда елімізде зілтемір көтерумен 2200-ден астам спортшы айналысады.

Міне осындай тарихы бар спорт түрінен ел намысын 8 спортымыз қорғайтын болады. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ.

Илья Ильин. 1988 жылы 24 мамырда дүниеге келген ол еліміздің ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. Қызылорда облысының атынан өнер көрсететін Илья 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа таққан болатын. Сондай-ақ ол 2005 жылы Дохада, 2006 жылы Санто-Домингода, 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионаттарында топ жарып, үш дүркін чемпион атанған еді. Азия ойындарында да 2 мәрте чемпион болды.

Келесі зілтеміршіміз Алмас Өтешев те Қызылорда облысының атынан өнер көрсетеді. 1988 жылдың 30 наурызында дүниеге келген Алмас та еліміздің ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. 2009 жылы өткен Азия чемпионатында 94 келі салмақ санатында қола жүлдені еншілеген.

Ал Алматы облысы атынан жарыс жолына шығатын Светлана Подобедова 1986 жылы 25 мамырда Ресейде дүниеге келген. 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. 2009 жылы Гоянгта, 2010 жылы Анталияда әлем чемпионы, ал 2011 жылы Парижде күміс жүлдегер атағын жеңіп алған. 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.

Қытай Халық Республикасында 1985 жылы 11 қаңтарда дүниеге келіп, соңғы 5 жылда Қазақ елінің намысын жыртып жүрген Майя Манеза да еліміздің ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. 2009 жылы Гоянгта, 2010 жылы Анталияда әлем чемпионы атанып, 2011 жылы төрешілердің қысастығынан Әлем чемпионатының күміс медалін еншілеген. 2010 жылы жазғы Азиада ойындарында чемпион атанған. Қазіргі уақытта Алматы облысының атынан өнер көрсетеді.

Келесі зілтеміршіміз - Зүлфия Чиншанло. Бұл спортшымыз да 1993 жылдың 25 шілдесінде Қытайда дүниеге келіп, 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 2009 жылғы әлем чемпионатының қола, 2010 жылғы жазғы Азиада ойындарының күміс жүлдегері. Алматы облысының атынан өнер көрсететін З.Чиншанло 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болған. Қазақстанның ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері.

Лондон төрінде 75 келі салмақ санатында жарыс жолына шығатын Анна Нұрмұхамбетова 1993 жылдың 28 шілдесінде дүниеге келген. Еліміздің ауыр атлетикадан еңбек сіңірген спорт шебері. Ол 2010 жылы Ташкентте өткен 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионы атанған. 2011 жылы Малайзияда өткен 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдені еншілеген.

Оңтүстік Қазақстан облысының атынан өнер көрсететін Арли Чонтей 1992 жылдың 1 шілдесінде Қырғыз елінде дүниеге келген. Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол 56 келі салмақ санатында зілтемір көтеруге шығады.

Дәл осы салмақ санатында Лондон төрінде өнер көрсететін соңғы спортшымыз Фархад Харки 1991 жылы 20 сәуірде Ресейде дүниеге келген. Ақтөбе облысының атынан өнер көрсететін Ф.Харки Қазақстан Республикасының ауыр атлетикадан халықаралық санаттағы спорт шебері.

«Қазақстанның ауыр атлеттерін бүкіл әлем зілтеміршілері мойындайды. Біз Лондонда өтетін 30-ші Олимпиада ойындарында ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге үміт артамыз. Бейжіңдегі нәтижелерден кем болмауы тиісті. Дайындық шаралары өте жақсы жүргізіліп, барлығы да жоспарға сай өтуде. Бұл Олимпиада ойындарында біздің құраманың намысын 8 зілтеміршіміз қорғайды. Біз 5-6 медаль аламыз деп үміттенеміз. Дегенмен барлық 8 спортшымыздың да жүлделі орындардан көрінуге барлық мүмкіндіктері бар», - деді ҚР Ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тапсир.