ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫ: Тұманды Альбионда күрестен Қазақстанның үш саңлақ қызы бақтарын сынайды

«ҚазАқпарат» агенттігі дәстүрлі түрде аптаның әр жексенбісінде осы айтулы спорттық шарада Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды таныстыруды жалғастырады. Осы жолы біз әйелдер күресінен ұлттық құраманың мүшелері жайында мәліметтерді айтпақпыз.

Сонымен, Елена Шалыгина 1986 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген. Ол еркін күрестен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әскери келісімшарт қызметінде сержант. Елена - 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы атанған. 2006 жылы жастар арасында өткен чемпионаттың күміс жүлдегері, 2007 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, осы жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында қола жүлдені иеленсе, 2010 жылы өткен Әлем чемпионатында да қола жүлдеге қол созды.

Гюзель Манюрова 1978 жылдың 24 қаңтарында туған, халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол қазақстандық құраманың сапына келгенге дейін ресейлік спортшылардың қатарында болатын. Саранскіде туып-өскен Гюзель бала кезінен айкидомен айналысқан. Еркін күреске 2002 жылдан бастап ауысты. 2004 жылы еркін күрестен Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанды, сондай-ақ Афинадағы Олимпиаданың күміс жүлдесін қанжығасына байлады. 2005 және 2007 жылдары Ресей чемпионатында жеңісті болды. 2010 жылы Гюзель азаматтығын ауыстырып, Қазақстан құрамасының намысын қорғауға кірісті. Ол 2010 жылдағы Азия ойындарының чемпионы, 2011 мен 2012 жылдары Қазақстан чемпионы атанды.

Алдағы айтулы додада Қазақстан намысын қорғайтын тағы бір спортшымыз - Жұлдыз Эшимова. Ол 2008 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылы Әлем чемпионатының жүлдегері. Жұлдыз 1988 жылдың 2 ақпанында Қырғызстанда дүниеге келген. Ол күреспен 7 жасынан бері айналысуға ниет білдірді. Алайда, күреспен ер балалар ғана айналысқаннан кейін, жаттықтырушылар Жұлдызды спорт залға кіргізбеуге тырысқанымен, ол балалардың дайындығын бақылап өз бетінше жаттыға бастады. 1 жылдан кейін бапкерлер бұл өжет қызға спорт залға келуіне рұқсат береді. Литвадағы жарысты сәтті аяқтағанын байқаған бас жаттықтырушы Саржан Жақсыбеков Жұлдызды Қазақстан құрамасының сапына алып келді.

Жазғы Олимпиада ойындарында күрестен өтетін жарыстар алғаш рет 1896 жылы Афинадағы додада енгізілді. Содан бері спорттың осы түрінен сайыстардың жүлделері Олимпиада бағдарламаларында сарапқа салынып келеді. Күрес жарыстары тұңғыш рет ашық салмақ дәрежесінде грек-рим үлгісінде өткізілді. Сент-Луисте 1904 жылдағы жазғы Олимпиадада бұл спорт түрі салмақ дәрежесіне бөлініп, жарыстар тек еркін күрестен өтті. Ал 1908 жылы Лондонда болған айтулы додада сайыстар аталған екі стильде де өтті, тек 1912 жылы Стокгольмде балуандар грек-рим күресінен тартысқа түсті. Алғашында барлық жарыстар ерлер арасында өтсе, әйелдер арасында еркін күрес 2004 жылы Афинадағы Олимпиадада енгізілді. Осы спорт түрінен наградалардың 18 жиынтығы сарапқа салынады.