Лондон Олимпиадасындағы ақтық кездесуде мен жеңдім деп ойладым

Бұл туралы бүгін Астанада Лондон Олимпиадасына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасының салтанатты шеруінен кейін аталған айтулы доданың бокстан күміс медалінің иегері Әділбек Ниязымбетов мәлім етті.

«Менің жеңісім - бүкіл Қазақстан халқының жеңісі деп ойлаймын. Елге келгенде халқымыз жақсы қарсы алып жатыр. Осы жасалып жатқан құрметке рахметімді айтамын», - деді ол журналистердің сауалына жауап беру кезінде.

Сонымен қатар, ол Олимпиаданың ақтық сайысы барысындағы пікірімен бөлісті. Атап айтқанда, осы ақтық кездесуде Әділбек Ниязымбетов шаршамағанын және өзінің жеңісіне сенімді болғанын жеткізді.

Айта кетейік, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында 81 келі салмақ санатында жұдырықтасқан боксшымыз Әділбек Ниязымбетов финалда ресейлік Егор Мехонцевпен Олимпиаданың алтын медалін сарапқа салып, тең түскенімен, төрешілер шешімімен ұтылып қалды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасының қоржыны Әділбектің күміс медалімен толықты.

Сөз соңында боксшы Олимпиададан кейін біршама уақыт демалуды жоспарлап отырғандығын айтып өтті.

Бүгін Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік Сарайында болатын ХХХ Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың қол жеткізген зор жетістігінің құрметіне арналған салтанатты шара өтеді.