Есте болса, біздің спортшы финал жолдамасы сарапқа салынған белдесуде ресейлік Жамаль Отарсұлтанға есе жіберген еді. Ал Дәулетпен қола үшін белдескен палуан Кионг Янг жұбаныш белдесуінде намибиялық боз кілем шеберін жарыс жолынан ығыстырған болатын. Міне, осы жұбаныш белдесуі арқылы қолаға үміт артқан корейлік біздің спортшыға еш мүмкіндік бермей, таза ұтып кетті.
55 келі салмақ санатында боз кілемге шығып, Қазақ елінің намысын қорғап жүрген Дәулет Ниязбеков 1989 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысының атынан өнер көрсетеді. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2011 жылы Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері.